Жуырда «Meta» компаниясының арнайы серіктес өкілі тағайындалады – министр
Бүгін «Meta» компаниясының мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі басқарушы директоры Джордж Чен мырзамен арнайы кездестім. Бұл Чен мырзаның елімізге алғашқы сапары екен. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өздеріңізге белгілі, Meta компаниясы Facebook, Instagram, WhatsApp желілелеріне иелік етеді.
Әлемге әйгілі компания өкіліне біршама жобаларды бірге ойластырып, өзекті мәселелерді ынтымақтаса отырып шешуді ұсындым.
Мәселен қазақ тілі Қазақстанда ғана емес, әлемнің бірнеше елінде кең қолданысқа ие екенін ескеріп, Instagram желісінің қазақ тіліндегі интерфейсін жасау мәселесін айттым, - деп жазды Дархан Қыдырәлі.
Бұл желідегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын ұлғайтады.
Сондай-ақ нью медиа тақырыбы бойынша баспасөз хатшыларын оқыту, балалар контентін жасау, контентті верификациялау, т.б. жайларды бірлесіп атқаруды ұсындым әрі жуырда өтетін Astana Media Week және Central Asian Media Forumына шақырдым.
Компания өкілі ұсыныстарымды ыстық ықыласпен қабыл алып, қолдау білдіруге дайын екенін айтты.
Бұйырса, Қазақстанда жуырда Metaның арнайы серіктес өкілі тағайындалады. Еліміздегі өкіл арқылы да Metaмен тығыз жұмыс істейміз. Шетелдік әріптестермен кәсіби байланысты күшейте береміз, - деді ол.