Жүйе өзгереді: Енді қаржы барлық медициналық ұйымға бөліне бермейді

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары аясында денсаулық сақтау саласында жүйелі өзгерістер қолға алынатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, Президент тапсырмасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті жоспарлауда халықтың нақты қажеттіліктеріне, демографиялық көрсеткіштер мен көші-қон деректеріне сүйенеді. Осыған орай қаржыландыру көлемі ең тиімді мемлекеттік және сенімді жеке медициналық ұйымдарға бағытталады.

Қосарланған төлемдер мен жалған есепті болдырмау мақсатында бірыңғай цифрлық бақылау жүйесі енгізіледі. Барлық қаржыландыру көзінің деректері біріктіріліп, төлемдер салыстырмалы түрде тексеріледі. Сонымен қатар пациенттермен кері байланыс мобильді қосымша арқылы жүзеге асырылады, - деп айтты Балаева.

Сондай-ақ медициналық қызмет көрсету сапасына бақылау күшейтіліп, лицензиялау талаптары қатаңдатылады. Бұл шаралар қаржыландыру жүйесінің әділ, ашық әрі тиімді болуын қамтамасыз етіп, халықтың денсаулық сапасын жақсартуға бағытталған.

Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қаржы министрлігінің құзырына берілді. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, «Заң және тәртіп» қағидаты аясында тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар жеке медицина және білім беру ұйымдарын қаржыландыру механизмдерін қайта қарау бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл шараларды іске асыру ашық әрі нәтижеге бағытталған жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Аида Балаеваның айтуынша, денсаулық сақтау мен білім беру салаларында көрсетілетін қызметтердің сапасына қатаң бақылау орнату қажет, өйткені халықтың өмір сүру сапасы тікелей осы салаларға байланысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы