Жусанның иісіне же­тетін ешнәрсе жоқ – Мәулен Әшімбаев

Тарихи сана мен ұлттық болмыстың қазіргі ұрпақ үшін мәнін айқындау, Бейбарыс мешітін қалпына келтіру жұмыстары арқылы ұлттық бірегейлікке ұмтылу рухани көпірдің маңызды тұсы. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев "Túrkistan" халықаралық газетінде жарияланған "Реформалардың мәні – 3: ХХІ ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы" атты мақаласында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әдетте, біз адамзат немесе ұлт тари­хын өткеннің қойнауында қалған дү­ние се­кілді қабылдаймыз. Сондықтан оның қазіргі өмі­рімізге тікелей қатысы жоқ­тай көрі­не­тіні бар. Әрине, тарих­тың ықпа­лын ешкім жоқ­қа шығара алмайды. Де­сек те, біз өткен­ге өткел салып өту мүм­кін емес деп есептей­тіні­міз жасырын емес. Бірақ кейде тарихтың тіл­сіз куәсі – тас­қа, қабырғаға, сынған тос­та­ғанға қо­лы­мыз тисе, кенеттен кеше мен бүгінді жал­ғайтын көпір пайда бол­ған­дай, дәуір­ді дәуірге ұластырған жүйке та­мыр­­дың бүлкілдеп соққанын сеземіз, – деді Сенат төрағасы.

Оның айтуынша, ХХІ ғасыр шын мәнінде енді басталды – бұл өткен ғасырдың геосаяси тепе-теңдігі бұзылғаннан кейінгі жаңа кезең. Бұған дейінгі екі маңызды бағыт – саяси реформалар мен экономикалық бейімделу – қазіргі сын-қатерлерге берілген жауап болды. Ал үшінші бағыт – тарихи жад пен ұлттық бірегейлікті қайта жаңғырту арқылы ұлттың сапалық жаңғыруына жол ашу.

Біз тарихты өткеннің естелігі ғана деп емес, бүгінмен байланыстыратын тірі көпір ретінде түсінуіміз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Ол 2023 жылы Президент тапсырмасымен Бейбарыстың 800 жылдығына орай Каирде өткен мешіттің ашылу салтанатына қатысқанын еске алды. XIII ғасырда салынған бұл мешітті қалпына келтіру жобасы Қазақстан мен Мысырдың бірлескен жұмысы ретінде жүзеге асқан.

Сол кезде ерекше бір күйді бастан кеш­тім: бір сәтке туған жер мен тұрған жер­дің арасындағы бес мың шақырым­ның бар-жо­ғын сезбей қалдым. Өйткені талантты қо­лөнершілер қалпына кел­тір­ген сонау ХІІІ ғасырда бедерленген та­ныс ою-өр­нектер, екі түсті кірпіштен қа­ланған қа­бырғалар – бәрі жүрегімізге жа­қын дүние­лер еді. Бәлкім, біздің даңқ­ты жерлесіміз өзінің бала кезінде Ұлы Дала төсінде қо­лына алған жусанның иісін сезініп, осылай бол­са да Отанына орал­ғандай күй кешкісі кел­ген болар?! Осындай сәттерде өзіңді бүгінгінің ға­на емес, одан анағұрлым үлкен жара­ты­лыс­тың бір бөлшегі сияқты сезінетін күй бо­лады. Өзіңнен бұрынғылар мен кейін­гі­лердің ой-армандарын, рухын, қай­ғы-мұңы мен үмітін ұрпақтан-ұрпақ­қа жалғап, бойына сіңірген біртұтас, үз­дік­сіз, тірі са­на­ның бөлігі екеніңді ұғы­на түсесің, – деді Әшімбаев.

Оның айтуынша, Ұлы Дала – тек географиялық ұғым емес, рухани кеңістік. Бейбарыс бейнесі арқылы ұлттың тарихи жадын жаңғырту – ұрпақты елдік санаға, тарихи сабақтастыққа жетелейді.

Міне, біздің бірегейлігіміздің та­мы­рын осы тұстан іздеу керек. Көптеген ға­сыр бойы бұл жанды кеңістіктің ар­насы тарамдалып, әлемге жаңа қан та­рат­са, тартылуға шақ қалған кездері де болды. Жеңістердің атасы атан­ған әл-Мә­лік аз-Захир Рукн ад-Дин Бей­ба­рыс қай­та оралуды армандаған осы кеңіс­тік­тің бүлкілдеп соғып тұрған геог­ра­фиялық және рухани жүрегі, "әлемнің кін­дігінде" орналасқан мекен, ол – Қазақ­стан. Бұрын солай болған, қазір де солай. Себебі әлемнің қай түпкірінде жүр­сек те, тағдыр қаншама тамаша жерлерге же­телеп апарса да, мұрынды жарып, кеу­дені кер­ген дала жусанының иісіне же­тетін еш­нәрсе жоқ, - дейді ол.

Бұған дейін Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жоғарыда аталған мақаласында Қазақстанның жаңғыру жолындағы жаңа бағыттары мен қоғамды сапалық тұрғыдан өзгертудің негізгі тетіктері сөз болғанын жаздық. 

Сондай-ақ, Әшімбаев қазіргі реформалар саяси және экономикалық шеңберден шығып, қоғамның рухани және мәдени деңгейін көтеруге бағытталып отырғаны туралы да сөз етті. Ол "Біз кімбіз?" деген сауалға жауап бермей даму болмайтынын айтты. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы