"Жусан" операциясына 6 жыл: Радикализмнен қайтқан 754 тағдыр
XXI ғасырдың басында Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстар, әсіресе Сирия мен Ирактағы жағдайлар көптеген елдер үшін қиын кезеңге айналды. Қазақстан да бұл жағдайдан тыс қалмады. 2013 жылдан бастап қазақстандық азаматтардың радикалды топтарға қосылу фактілері тіркеліп, шет елдерге соғыс алаңына кеткендердің саны артты. Осы қауіп-қатерлерге жауап ретінде еліміз 2019 жылдан бастап «Жусан» деп аталған арнайы гуманитарлық операцияларды жүзеге асырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Жусан" операциясының басты мақсаты Сирия аумағындағы соғыс ошақтарында қалып қойған Қазақстан азаматтарын, оның ішінде әйелдер мен балаларды елге қайтару. Бұл гуманитарлық қадам азаматтардың өмірін сақтап қалу, оларды қоғамға бейімдеу және ел ішіндегі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталды. Елге келген азаматтармен психологиялық және діни тұрғыдан жұмыс істеуге бірнеше қорлар, мамандар көмектесті. Солардың бірі «Aqniet» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы қоғамдық қоры болды.
Тәуекел мен үміт
2019 жылы Қазақстан үкіметі маңызды әрі батыл шешім қабылдады. Сирия қақтығыс аймағында қалып қойған азаматтарымызды елге қайтаруға бел буды. Бұл бастама "Жусан" атауын алған гуманитарлық операция арқылы жүзеге асты. Қазақстан Таяу Шығыстан өз азаматтарын қайтарған алғашқы елдердің бірі. Бұл қадам әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды.
Азаматтарды қайтару туралы шешім қабылданғанда қоғамда әртүрлі пікірлер айтылды. Көпшілік арасында "Олар террористер, не үшін қайтарамыз?" деген секілді қауіп пен күмәнге толы пікірлер де болды. Алайда, Қазақстан адам өмірін сақтап қалу, оларды қоғамға бейімдеу және радикалдық идеологиямен күресу тұрғысынан бұл шешімді орынды деп тапты. 2019 жылдың қаңтар айында алғашқы кезеңде 37 азамат елге оралды. Олар үшін Маңғыстау облысындағы Ақтау қаласынан 38 шақырым жердегі "Фламинго" балалар лагері жалға алынып, уақытша орналастыру орталығы ретінде пайдаланылды. Оңалту жұмыстарына "Aqniet" қоғамдық қорының мамандары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан теологтар мен басқа да қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Олардың негізгі мақсаты келген азаматтардың сана-сезімін, діни көзқарасын біртіндеп өзгерту, қоғамға қайта бейімдеу болды, - дейді "Aqniet" қоғамдық қоры директорының кеңесшісі Әлім Шауметов.
"Жусан" операциясының нәтижесінде елімізге 754 Қазақстан азаматы оралды. Олардың ішінде, 191 әйел, 526 бала, 37 ер адам болды. Ер азаматтардың барлығы тиісті тергеу амалдарынан кейін сот үкімімен жазасын өтеу үшін түзету мекемелеріне жіберілді. Олар 9 жылдан 18–19 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Қазіргі таңда сотталғандардың шамамен 40%-ы радикалдық идеялардан бас тартып, оң өзгерістерге бет бұрған.
Келген азаматтардың ішінде 6-10 жылға дейін Сирияда болғандар да болды. Олар радикалдық көзқараспен уланған, мүлде басқа дүниетаныммен келген. Сол себепті, оңалту жұмыстары аса күрделі әрі ұзақ мерзімді талап етті. Біз оларға бұйрық бере алмаймыз, тек білімімізбен, көзқарасымызбен ықпал етуге тырыстық. Әйелдердің де барлығы бірдей болған жоқ. Арасында дін туралы сауаты бар, өмірлік қиыншылықты бастан өткергендер де кездесті. Кейбірі ашық тыңдауға дайын болса, кейбірі қарсылық танытты. Соған қарамастан мамандар өз жұмыстарын тоқтатпады, -дейді теолог Әлім Шауметов.
"Жусан" операциясынан кейін Қазақстанның бұл үлгісі халықаралық деңгейде талқыланып, өзге елдер де осы бағытта қадамдар жасай бастайды. Әлім Шауметовтің айтуынша, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Франция және Мальдив аралдары өз азаматтарын елге қайтара бастаған.
Көп елдер ер адамдарды емес, тек әйелдер мен балаларды ғана қайтарды. Себебі, олар «ер адамдармен жұмыс істейтін әдістеме, тәсіл жоқ» деді. Ал біздің мақсатымыз елге келгендердің санасын кішкене болса да сана-сезімін өзгертіп, қоғамға бейімдеу болды. Қандай оймен келе жатыр, қандай көзқарас, бұлар да ертең қоғамға барады, не үміт деген сұрақтар бізді де мазалады. Ақтауда лагерьде 1 ай уақытымыз болды. Әрине бұл өте қиын жұмыс. 1 айдың ішінде адамның сана-сезімін өзгерту мүмкін емес. Себебі олардың ойына, миына радикалды құйып тастаған. Сондықтан біріншіден олармен жұмсақ сөйлеп, түсіндірдік, - деді Әлім Шауметов.
Әйелдердің тағдыры: Сириядағы ауыр күндер
"Жусан" операциясына 6 жылдан аса уақыт өтті. Мамандар әлі де жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Иә, бүгінде біраз уақыт өтті. Сол уақыт ішінде келгендердің шамамен 95%-ы радикалды көзқарастан бас тартты деп айта аламын. Қазір олардың барлығы дерлік өз өмірлерін жаңа парақтан бастап, қалыпты тіршілік етуде. Көпшілігі жұмысқа орналасты, жеке кәсіп ашқандары бар. Тіпті ұлттық компанияларда еңбек етіп жүргендері де кездеседі. Арасында хиджаб, ниқабтарын шешкен әйелдер де бар, дегенмен олар көп емес, - дейді теолог маман.
Әйелдер сол жылдар ішінде сан алуан қиындықты бастан өткергенін айтады. Көпшілігі Сирияда үш бірдей күйеуінің қазасына куә болған. Балаларын жоғалтқандар да аз емес. Қайта оралғандардың ішінде 34 бала жетім қайтқан.
Балалардың ата-аналары соғыс кезінде қаза тапқан. Кейін біз бұл балаларға туыстарын іздеп, 20-ға жуық баланы заң аясында жақындарына тапсырдық. Қалғандары балалар үйіне берілді. Шын мәнінде ең көп зардап шеккен балалар. 2019 жылы 9 жасар қызбен әңгімелестім. Ол кезде қыздың әке-шешесі қайтыс болған. Бір жарылыстан кейін анасы көз жұмып, қыз өзі жер қазып, анасын көміпті. Мұндай оқиғалар жүректі ауыртады, - дейді Әлім Шауметов.
Сирияға алғаш барған сәттерінде жағдайлары біршама жақсы болады. Соғысқа дейін баспанасыз қалған жергілікті халықтың коттедж үйлеріне кіріп, тартып алынған көліктерді пайдаланған. Қазақстанға суреттер мен бейнеүндеулер жіберіп, "біз қандай жақсы жағдайда өмір сүріп жатырмыз" деп жарнама жасайды. Басқаларды да Сирияға келуге осылайша үгіттейді.
Сирияда алғаш бәрі жақсы сияқты болады. 2-3 жыл өткен соң жағдай күрт өзгерді. Күйеулерінен айрылған әйелдер басқа ерлерге тұрмысқа шығуға мәжбүр болады. Арасында 4 рет тұрмыс құрғандары да бар. Бір күйеуі өлсе, екіншісіне шығуы үшін тек 2 ай уақыт беріледі. Бұл сол жердегі ереже. Соғысқа кеткен күйеулері үшін ай сайын ақша төленетін болған. Бастапқыда - 350 доллар, кейін 250-150 доллар мөлшерінде. Бірақ күйеулері қаза тапқаннан кейін бұл төлем тоқтайды. Кей кездері тамақ таба алмай ашыққан. Сол кезде ойларында тек "балаларға не беремін?" деген сауал ғана тұрған, - деді теолог маман.
2017-2018 жылдары жағдайлары тіпті ауырлайды. Аштықтан көк шөпті жұлып, қайнатып, шөбін ас, суын сорпа еткен. Кейде малға арналған кебекті сатып алып, қайнатып балаларға берген. Сол кебекті жегеннен кейін балалардың іші кеуіп, ауырып қалған. Аштықтан көз жұмған балалар да болады.
Елге алып келгеннен кейін барлық келгендерге күніне үш мезгіл тамақ берілді. Алайда олар үшін бұл аз болды. Сөйтіп күніне бес мезгіл тамақтандыру дұрыс деп шештік. Денсаулығы нашарлағандар да болды. Медициналық тексеруден өтіп, ота жасатқандары, құлағы естімейтіндерге арнайы құрылғылар әперілгені де бар. Бұл соғыстан алған жарақаттардың салдары. Біз оларға адамгершілікпен қарап, қамқорлық көрсетіп, барынша қолдау білдірдік. Сол мейірімділікті олар сезініп, өзгеруге бет бұра бастады. Бұл оңалту шараларының жемісі, - деді Әлім Шауметов.
Балалардың білім алып, ортаға қалыптасуы қалай жүзеге асты?
Елге қайтарылған балалардың 80%-ы 3 пен 9 жас аралығында болады. Олар әлі діннің радикалды идеологиясын толық қабылдап үлгермеген. Сондықтан бұл жастағы балалармен жұмыс істеу әлдеқайда оңай болады. Әлім Шауметовтің айтуынша, 16-17 жастағы жасөспірімдермен жұмыс істеу қиындау болған.
Сириядан келгендердің ішінде жасөспірімдер болды. Олар соғыс пен қантөгісті көзбен көрген. Әкелерінің соғыста қаза тапқанын біледі. ДАИШ содырларының қарым-қатынасын бастан өткерген. Жайдан-жай ұрып-соғып, қарумен қорқытқан сәттері де есінде. Сол себепті олармен ата-аналарынан бөлек жеке жұмыс жүргіздік. "Сен әкеңнің жолын қумауың керек" дегенді ұғындыру басты мақсаттардың бірі болды, - дейді ол.
Мамандар әлі сол балалармен байланысты үзбеген. Үнемі хабарласып, жағдайын сұрап отырады.
2019 жылы келген балалардың 85%-ы мектепке барды. Әлбетте, мектеп директорлары мен мұғалімдер мұндай жағдайдағы балалармен бұрын-соңды жұмыс істемеген. Сондықтан біздің мамандар онлайн режимде әдістемелік қолдау көрсетіп, педагогтарға көмектесті. Баланың қай жақтан келгенін тек мектеп директоры мен психолог қана білді. Бұл дұрыс әрі салмақты шешім болды. Себебі балалардың бейімделуіне қоғамның көзқарасы әсер етпеуі керек еді. Қазір олардың 60%-ы жақсы оқып жатыр, олимпиадаларға қатысып, түрлі жетістіктерге жетуде, - деді Әлім Шауметов.
Оның айтуынша, бұл балаларды тек мамандар ғана емес, қоғам да тәрбиелеп жатыр. Сондықтан қорқатын ештеңе жоқ.
Өзім өңірлерге барған сайын сол әйелдермен, аналармен кездесіп, ақыл-кеңесімді айтып отырамын. «Мемлекет сендерге қолдау көрсетті, қаржылай көмектесті. Осы жақсылықты ұмытпай, ең бастысы балаларыңды дұрыс тәрбиелеу керек деп үнемі ескертіп отырамын. Бүгінде жоғары оқу орындарына түсіп жатқан балалар да бар. Айта кетерлігі, алғаш елге келген кезде олардың құжаттары болмаған. Бұл тұрғыда да мемлекет үлкен көмек көрсетті. Балаларды азаматтықпен, құжаттармен қамтамасыз ету олардың қоғамға толық араласуының алғашқы қадамы болды, - деді "Aqniet" қоғамдық қоры директорының кеңесшісі Әлім Шауметов.
Болашақта қайталанбас үшін не істеу керек?
Теолог маманнан болашақта мұндай жағдай қайталанбас үшін не істеу керегін сұрадық. Оның айтуынша, түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізіп отыру қажет.
Өте орынды сұрақ. Біз болашағымызды әрқашан ойлауымыз қажет. Сирияға кеткен азаматтар туралы «ваххабизм мен жиһадизм идеологиясын қабылдады» дегенде, шын мәнінде жүрегім ауырды. Өйткені бұл жай ғана саяси не діни таңдау емес, отбасыны күйрететін үлкен трагедия. Ваххабизм мен сәләфизм идеологиясы кез келген отбасының ішіне кірсе, арты қайғымен аяқталады. Мұндай жағдайда ең алдымен ата-аналар зардап шегеді. Балаларын уайымдап, қиналып, ақыр соңында қайғыдан өмірден өткен жандар бар. "Балам қара жерге қаратып кетті" деп көз жасын тыймай отырған аналарды талай көрдік, - деді Әлім Шауметов.
Әлім Шауметовтің айтуынша, жат ағымның арбауына түспеу үшін ақпаратты дұрыс жеткізу керек.
Бүгінде жағдайымыз, шүкір, тұрақты. Бірақ бұл босаңсуға себеп емес. Теріс идеологиямен күрес жүйелі және үздіксіз жүргізілуі тиіс. Бұл тек мемлекеттің немесе қауіпсіздік қызметінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі, - деді ол.