Журналистика факультетіне аты, заты бар, тәжірибесі мол журналистер тартылуы керек – ректор
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов медиа саласы мамандарын даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындарының ректорларымен «Қазақстан Республикасындағы журналистика деңгейі» тақырыбында онлайн-форматта өткен кездесу барысында айтты.
ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да қатысты.
Қай істің болсын, іргетасы кадрда тұр. Егер кадрды дұрыс тәрбиелеп, сапалы білім беріп, біліктілігін көтерсек қана іс оңады. Кадр жағынан мәселе шықса, үнемі проблема туындайды да тұрады. Кадр мәселесіне назар аудару – әлеуметтік қана емес, саяси мәселе. Өйткені, журналистика ерекше салаға айналып келеді. Қазір әлем журналистік білімге жаңа көзқарастың қажеттілігін сезінді. Бұл неден туындап отыр? Әрине, ақпараттық технологиялардың дамуы бір басқа, адамдардың қабылдау ерекшелігі де мүлдем өзгерді, - дейді ол.Ерлан Сыдықов біріміз жаһандану, біріміз ғалмдану деп жүрген үдеріс өмірдің бар саласына жаңалық болып келгенін тілге тиек етті. Ол осы өзгерістің басында журналистиканың тұрғанын айтты.
Қазір еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін барлығының қолында смартфон. Ол дегеніміз – идеологияның да, тәрбиенің де көзі. Мұны қару ретінде қалай пайдаланып жүрміз? Осы өзгерістің басында ақпарат немесе журналистиканың жүрері сөзсіз. Өз басым университет басшысы ретінде ғана емес, елдегі ақпарат жүйесінде жиі-жиі БАҚ алдына шығып жүрген азамат ертінде журналистика мен ақпараттық білімге бей-жай қарай алмаймын. Қазір Қазақстан университеттері автономияға қарай қадам басты және заң қабылданды. Өзіндік білім бағдарламаларын жасауға мүмкіндік алды. Осыны пайдаланып, журналист даярлау үдерісіне авторлық білім бағдарламасын енгізуіміз қажет. Жақында ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылыми тәжірибеден гөрі шығармашылық тәжірибені қажет ететін қолданбалы мамандықтар қатарына журналистиканы да енгізді. Біз осы идеяны қолдаймыз. Журналистика факультетіне аты, заты бар, тәжірибесі мол журналистер тартылуы керек, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
ҚР Үкіметінің делегациясы жұмыс сапарымен Ресейге барды
Келесі жаңалық
Шымкентте жыл соңына дейін 9 мектеп құрылысы аяқталуы керек
Өзгелердің жаңалығы