Журналистерге соттан ақпарат таратуға тыйым салынды
Сот Қайрат Боранбаев ісі бойынша қандай да бір ақпарат таратуға тыйым салды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі өткен сот отырысында судья осындай ақпаратты мәлімдеді. Сот процесі енді жабық форматта өтіп, тек сот үкімі шығатын кезде ғана журналистерге ақпарат беріледі.
БАҚ өкілдері іс бойынша сот үкімі жарияланатын кезде шақырылады, - деді судья.
Сот процесі барысынан журналистерге аудио, видео түсіріп, оны таратуға да рұқсат жоқ.
Кейбір журналист өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында сот процесінен видео жариялады. Видеоны монтаждау арқылы оған субтитр қойылған. Сот ескертуінен кейін видео әлеуметтік желідегі парақшасынан өшірілді. Куәгерлер соттан өзінің жеке деректері мен сот процесі барысында берген жауабы БАҚ беттерінде жарияланбауын сұрады, - деді Сарыарқа ауданы №2 аудандық сотының судьясы Назгүл Бапақова.
Сондай-ақ оның пікірінше ақпараттар қоғамда теріс пікір қалыптасуға ықпал етеді.
Журналистер өзінің жеке пікірі арқылы сот тергеуі туралы алдын ала қоғамда теріс пікір қалыптастыруға тырысады, бұл заңға қайшы келеді, - деді судья.
Соттың бұл шешімі талқыланбайды. Судьяның айтуынша, сот процесі аяқталғанға дейін сот залынан ақпарат таратуға толық тыйым салынады.