Журналистер қоғамда болып жатқан өзгерістерге бейжай қарамауға тиіс – журналист

Қазақстанның құрметті журналисі, ақпарат саласының үздігі Жанғабыл Қабақбаев журналистердің қоғамдағы орнына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кеше Мемлекет басшысы әріптестеріміздің бір тобын марапаттады. Бұл журналистерге көрсетілген құрмет деп түсінеміз. Қоғам өзгеріп, уақыт өткен сайын жаңа талаптар, мүдделер пайда болады. Біз қазір Әділетті Қазақстанды орнату жолындағы қадамдардың алғашқы жемісін көріп отырмыз. Бұл ретте БАҚ саласының қосқан үлесі айрықша. Бүгінгі журналистер жаңа технологияны шебер меңгеріп, уақыттың ағысынан қалмай, болып жатқан оқиғаларды жан-жақты сарапқа салып, өз көзқарасын білдіруде. Бұл орайда қол жеткізген жетістіктеріміз көп. Бірақ жариялылықты сылтау етіп, кез келген іске ұрыну — журналистің әдебіне жат нәрсе, — дейді ол.

БАҚ саласында 60 жыл жемісті еңбек еткен ардагер әлі күнге дейін мемлекеттік тілді төрге шығара алмай келе жатқанымызды атап өтіп, елімізде қабылданып жатқан заңдарға қоғам алаңдаушылық таныту керектігін, елдігімізге сын, ұлтымыз үшін ұят болатын дүниелермен уақытында күресуіміз қажет екенін айтады.

Бруно Ясенский «Адам жаңғырады» деген кітабында «Сен дұшпаныңнан қорықпа, көп болса атып кетеді, досыңнан қорықпа, көп болса, сатып кетеді, сен немқұрайлылықтан қорық, ол сатып та, атып кетеді» деп жазған. Біз, журналистер, қоғамда болып жатқан өзгерістерге, жалпы әлемдік ахуалға бейжай қарамауымыз керек. Өзіміздің білімізді жетілдіріп, күнделікті ағысқа ілесе білуіміз керек. Мемлекет басшысы айтқан «адал адам», «адал еңбек», «адал табыс» формуласын жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз, — дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы