Журналистер әлеуметтік желілерді тиімді қолдануда – Қуандық Шамахайұлы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының кеше жолдаған кезекті Үндеуінде ақпарат саласында қажырлы еңбек етіп жатқан журналист әріптестерімізге алғыс айтқанын өз басым өте орынды деп санаймын, деп жазды журналист Қуандық Шамахайұлы.

Шын мәнінде, осы бір аты жаман індет тарала бастағаннан бері тынымсыз еңбек етіп жүрген салалардың бірі – ақпарат құралдарының шығармашылық ұжымы. Карантин тұсында журналистердің жүріп-тұрулары мен ақпарат алу мүмкіндіктері шектелсе де олар барынша зор ізденіспен еңбек етіп жатыр. Интернет арқылы тарайтын ақпараттар, стенд-ақпараттық вэб-сайттар қазіргі таңда бәріміздің күнделікті қажеттілігімізге айналып үлгерді. Соған қарамастан, дерек-дәйегі мықты шынайы ақпаратты халық кәсіби журналистерден ғана күтеді. Біздің журналистер әлеуметтік қарым-қатынас желілерін пайдалы әрі тиімді қолданып жатыр. Мысалы, “Қазақстан” ұлттық арнасының журналисі Нартай Аралбайұлы түрлі сала мамандарымен онлайн түрінде көптеген тартымды сұхбаттар жүргізіп, Ютуб әлеуметтік желісі арқылы таратты. Жұрттың оны ықыласпен қабылдап жатқанын көрермендер санынан және олардың кері байланысынан аңғаруға болады, - деді журналист.
Оның айтуынша, кәсіби журналистер блог, микроблог, уики-парақшаларды жеке адамдар арасындағы байланыстың міндетін атқаратын дүние ретінде ғана қарастырмай бұқаралық ақпаратты, пайдалы мәліметтерді қабылдаудың да бірден бір арнасына айналдырып үлгерді.
Осылайша журналистер оны ресми парақшаға айналдырып, сенімді ақпарат көзі етуге, шынайы мәліметтер нысаны етіп, жаңалықтар таратуға, іскерлік ой-пікір нысаны етуге тырысатын журналистер арасында игі үрдіс пайда болды. Журналистер арасындағы осындай жаңашылдық дәстүрлі ақпарат құралдарының мазмұнын байыта түседі. Журналист әріптестердің еңбегін бағалай білгендігі үшін мемлекет басшысына дән разымыз, – дейді журналист Қуандық Шамахайұлы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы