Журналистер күні. Ақпарат майданының абадандары
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 28 маусым - Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні. "Журналисті екі аяғы асырайды" деген сөз бар. Алайда өз саласының тісқаққан шебері, білікті маман атану үшін екі аяқ аздық етеді.
Алғыр, жіті, идеялы, ізденімпаз, жылдам, интеллекті жоғары осы қасиеттің бәрі бір тұлғаның бойында тоғысқан кезде жақсы маман қалыптаса алады. Қоғам арасында телевизияда жұмыс істейтіндер ғана журналист саналып, өзге саланың (газет-журнал, интернет басылым) мамандары назардан тыс қалатын таптаурын түсінік әлі де жойылмады.
Заман ағымына сай, зеректік пен алғырлықты, сауаттылық пен жылдамдықты қажет ететін электронды БАҚ-тың мүмкіндігін айтпаса да, түсінікті.
Бұдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы "Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі" деп баға берген еді. Бұл ұлағатты сөзді қазір тек басылымдарға ғана емес, барлық электронды ақпарат құралдарына, ақпарат агенттіктеріне қатысты қолдануға болады, - деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтауында.Ендеше, XXI ғасырдағы халықтың көзі, құлағы һәм тіліне айналған ақпарат агенттігінде жұмыс істейтін әріптестеріміздің еңбегі туралы сөз қозғап, сөз қозғап қана қоймай, тұтас бір материал жазу артық емес деп шештік. Өз ісінің хас шеберлері Төлеуовтен Тілеуоваға дейін материалды ерінбей, оқып шығыңыз.
"BAQ.KZ" ақпарат агенттігінің тілшісі Бек Төлеуов
Мектепте оқып жүргенде аздап өлең жазып, мүшәйраларға қатысып жүретінмін. Республикалық газет-журналдарға шықтым. Бірақ жоғары сыныпқа жеткенде болашақ мамандығымды таңдап, экономист боламын деп шештім. Оған анамның есепші екендігі де себеп болған шығар. Сосын ҰБТ-да географияны таңдап, Еуразия ұлттық университетінің экономика факультетіне оқуға түстім. Студент кезде де журналист боламын деп ойламадым. Тек 4-курста Лондон Олимпиадасынан кейін мақала жазуға қызығушылығым оянды. Бала кезден спортты жақсы көретінмін. Футболшы болуды армандайтынмын. Ол ойым жүзеге аспады, - деп бөлісті Бек.
Жас журналистің спортшы болу арманы орындалмаса да, олар туралы жазуға машықтанады.
Сайттарға жаза бастадым. Алматыда Нұрғазы Сасаев есімді спорт журналисі бар еді. Әлеуметтік желі арқылы сол кісімен танысып, мақалаларымды жіберіп тұрдым. Бұл кезде 4-курста оқитынмын. Сабақ жоқ, өндірістік тәжірибеде жүргенмін. Ол кісі маған елордада екі бірдей спорт газетінде айлығы мардымсыз болса да, жұмыс бар екенін айтты. Студент болғандықтан "саған жетеді" деді. Екі газеттің біреуін сол кезде белгілі қоғам қайраткері, танымал журналист Несіп Жүнісбайұлы басқарады екен. Ол кісінің жазғандарын бала кезден оқығанмын. Телефонмен хабарласып ем, "бүгін газет шығарып жатырмыз, жазғандарыңды ала кел" деді. Сол кезде қазақ футболшылары туралы хронологиялық мақалалар жазып жүретінмін. Жазғандарымды орынбасарына оқып көруге бергізді. Одан сұрап еді, "жаман емес" деді. Бірден ешқандай тағылымдамасыз жарты ставкаға жұмысқа алды, - дейді Төлеуов.
Осылайша, жас маманның журналистикадағы еңбек жолы басталады.
Еш тәжірибесі жоқ балаға апталық А2 форматындағы газеттің екі бетін футбол жаңалықтарымен толтыру тапсырылды. Көп жазу арқылы шыңдалдым, ал оқу бітірген соң жалақымды екі есеге көбейтті. Бірге оқыған балалар жазда жұмыс іздеп жүргенде олай жүргім келмеді. Әйтпесе, алғашында жазға дейін істеп, диплом алған соң өз мамандығым бойынша істеймін деп жүргенмін. Ал келесі жылы Оңтүстік Кореядағы жазғы Азия ойындарына барып, хабар тараттым. Осылайша, журналистикада қалып қойдым. Кейіннен ақпарат агенттігіне ауысып, басқа да тақырыптарға жаза бастадым, - деді ол.
"Өз ұстанымыма берікпін"
Өз ісіме шама келгенше адал болуға тырысамын. Ең бастысы, журналистиканың кәсіби қағидаларын сақтау керек. Газетте жүргенде қателерімді түзеген аға-апаларыма алғысым шексіз. Мақала жазғанда көбіне статистикаға көбірек мән беремін. Осы күні оқырман құр сөзді өткізіп жіберіп оқиды. Қандай қиналып тұрсам да, материалдық құндылықтар үшін өз ұстанымымды сатпаймын, - деп түйіндеді Бек Төлеуов.
"ҚазАқпарат" ХАА АҚ тілшісі Ақбота Күзекбай
Менің журналистика саласында аса көп тәжірибем бар деп айта алмаймын. Үйренетін нәрсе әлі көп. Алайда ақпарат саласында қызмет істеп жатқаныма үш жыл болса да, біраз БАҚ-та еңбек етіп үлгердік, түрлі мамандармен танысып, тәжірибе жинақтап жатырмын. Ақпарат агенттігінің жұмысы - журналистиканың нағыз қайнап жатқан ортасы. Жаңалықты жылдам ғана беріп қоймай, оның мәнін оқырмандарымызға анық жеткізе алу үлкен шеберлікті талап етеді, - дейді Ақбота.
"Өзге тілдің бәрін біл"
Маманның пікірінше, журналист бірнеше тіл білу керек.
Тек қазақ пен орысша ғана емес, тіпті ағылшынша да аздық етеді, басқа шет тілдерін меңгеру журналист үшін оның біліктілігін одан сайын арттыра түседі. Әсіресе, қазіргі пандемия кезінде бұл мәселе өте өзекті. Біз ақпарат саласында қызмет істегендіктен, түрлі тақырыптарды жазамыз. Ол дұрыс, әрине. Менің ойымша, журналист өзіне жақын сала төңірегінде де дамуы керек. Мысалы, нақты денсаулық сақтау саласы, экономика немесе әлеуметтік, білім беру тақырыптарының бірін таңдап машықтану керек. Журналист тек жаңалық қана жазып қоймауы керек, оның аналитик болуы қазіргі журналистика үшін тіптен бағалы, - деді ол.
Ақбота Күзекбай қазір жұмыс істеп жатқан ақпарат агенттігіндегі міндеті туралы да айтып өтті.
"ҚазАқпарат" халықаралық агенттігінде қызмет атқарып, өзекті жаңалықтар таратып жүрміз. Жұмысымыздың қазіргі уақыт жағдайында еселене түскені барлығына мәлім. Бірақ осы жазғандардың арқасында тіпті маған оқырмандардың өздері жеке хабарласып, алаңдатып жатқан сұрақтарын жеткізіп жатыр. "Билік өкілдеріне осы сұрақты қойыңызшы" деп ұсыныстарын жолдайды. Міне, осындай жағдайда шынымен де журналистиканың қоғамға деген әсерін байқаймын. "Журналист - халық пен билік арасындағы көпір" деген сөз бекер емес шығар. Ол, әрине, мені қуантады, одан сайын маман ретінде жігерлендіреді, - деді ол.
"Qazaqstan tarihy" интернет-жобасының бас редакторы Алтынбек Құмырзақұлы
"Журналистердің арқалағаны - алтын, жегені - жантақ"
Қазіргідей індет жайлаған қиын заманда журналист, дәрігер, полиция, мұғалім сынды мамандықтардың қадірі артты. Расында, телеарна, радио, интернет-сайт, газет-журнал тілшілері коронавирус індеті кезінде алдыңғы шепте жүріп, басын қауіп-қатерге тігіп, еңбек етті. Халыққа шынайы, ресми ақпаратты жеткізуге тырысты. Шерхан Мұртаза атамыздың: "Журналистердің арқалағаны - алтын, жегені - жантақ" дегені осындайда айтылса керек-ті, - дейді Алтынбек.
Алтынбек Құмырзақұлы батыстық журналист Дебора Кемпбеллдің "Журналистка - бұл миссия" сөзін ұран етеді.
Тілші қауым өкілдері журналистиканы мамандық ретінде ғана емес, қоғам үшін үлкен миссия жолында жүк арқалағанын міндет етеді. Әсіресе, бүгінгідей дүрбелі кезеңде ақпараттың маңыздылығы үлкен рөл атқарып жатыр. Ғаламтор дәуірі дендеген уақытта жас та, кәрі де қалта телефонына телмірген заманда дұрыс ақпарат пен бұрыс ақпараттың әсері ерекше. Ендеше, олармен күресте жүрген тағы да өзіміздің әріптестеріміз. Сондықтан барша әріптестерімді келіп жеткен мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!, - деп әріптесіміз ізгі ниетін білдірді.
Оның айтуынша, адам баласы өмірде жар таңдаудан және мамандық таңдаудан қателеспеуі керек.
Өз басым мамандық пен жар таңдаудан қателеспедім деп ойлаймын. Өйткені, журналист болуды мен мектеп кезінен армандадым. Сол жолда оқып, іздендім. Алғашқы жазған дүниелеріміз аудандық газетке шықты. Кейін республикалық "Мөлдір бұлақ", "Айгөлек", "Ұлан" сынды газет-журналдардың жас тілшісі болдық. Оларға шыққан әрбір мақаламыз үшін ерекше қуанатынбыз. Кейін журналистика мамандығы бойынша білім алып, мамандықтың қыр-сырына үңілдік. Алғаш еңбек жолымды Қарағанды қаласындағы "Арқа ақшамы" қоғамдық-саяси газетінде тілші болып бастадым. Кейіннен интернет басылымға ауыстық, - деп есіне алды ол.
"Жаңа медианы меңгеру жолында көп іздендік"
Цифрлы журналистика қазанат сияқты. Тоқтату мүмкін емес, тек оның жылдамдығына ілесе білу керек. Сөйтіп, конвергентті журналистиканы меңгердік. Интернет басылымға тілші болып келгендіктен конвергентті журналистің рөлі зор болды. Яғни, бір мезетте болған оқиғадан, іс-шарадан мәтін, фото, бейнежазба, подкаст, тіпті, инфографика мен суреттер жолдау қажет болды. Сол жолда білімді шыңдап, тілшілік қызметте ысылдық. Кейін редактор, шығарушы редактор қызметіне көтерілдік. Бүгінгі таңда "Қазақпарат ХАА" АҚ қарасты "Qazaqstan tarihy" интернет-жобасының жетекшісімін, - деді ол.Жас болса да, басқарушылық қызметке дейін жеткен Алтынбек "Ақпарат саласының үздігі" атанып үлгерген. Ол өзі басшылық ететін порталдың жұмысы туралы айтып берді.
"Qazaqstan tarihy" порталы – ұлттық тарихымыз туралы нақты және толық ақпарат беріп, тарих ғылымы саласындағы жетістіктерді насихаттап келе жатқан бағыты айқын бірегей жобалардың бірі. Оқырмандарға үш тілде: қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеді. Ғаламторда тарихымызға қатысты контенттердің үлесі көп. Әсіресе, соңғы уақытта офлайндағы көптеген ақпар онлайнға өтуде. Дегенмен, олардың барлығы нақтылы, зерттеліп, зерделенген тақырыптар деп айта алмаймыз. Біздің ерекшелік - ұлт тарихына қатысты деректерді сұрыптап, екшеп, талдап, мультимедиялық мүмкіндіктерін қосып оқырман қауымға ұсыну. Бүгінде құрғақ ақпараттық тасқыны басым уақытта порталымызды оқитын оқырмандар үлесі де жақсы көрсеткішке ие, - дейді ол.
"El.kz" ақпараттық-танымдық сайтының тілшісі Дана Туғамбекова
Журналистика саласына 2015 жылы келдім. Ең алғаш еңбек жолымды "Qazaqstan tarihy" порталында ағылшын тілінің аудармашысы қызметінен бастадым. Бір жылдай жұмыс істеген соң, білімімді жетілдіру үшін ҚарМу-дың магистратурасына түстім. Оқуымды тәмамдаған соң, Қазақстан халқы ассамблеясының сайтына ағылшын тілді тілші болуға шақырту алдым, - дейді Дана.
"Өзімді сынағым келді"
Бұл мен үшін сынақ болды, өзімнің қабілетімнің әлеуетін тексергім келді. Журналистика саласы мені бұрыннан елітіп, қызықтыратын. Себебі, жазуды сүйдім. Қазір el.kz порталында абыроймен қызмет істеп келемін. Әрине, алғашында қиын болды. Алайда әріптестерімнің көмегімен өз жазу стилімді қалыптастырып, машықтана түстім. Біздің порталда ҚХА-ның қызметі мен этномәдени бірлестіктердің атқарған жұмысы жайлы материалдар жарияланады. Осы тақырыпта өзім де шыңдалып, әртүрлі ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрі туралы көп мағлұмат алдым.Дананың айтуынша, журналист болудың артықшылықтары көп.
Жаңа адамдармен танысып, күн сайын өзің үшін бір жаңашылдық ашасың. Бұл мамандықты таңдағандар белсенді, мақсатына берік, қызығушылығы мол болуы керек деп ойлаймын. Менің өмірімдегі барлық жарқын сәттер мен қызықты адамдардың болуына өз мамандығым себепкер. Қанша адаммен кездесіп, кербез жерлерді бағындырдым. Болашақта өзімді PR немесе спорт басылымының тілшісі ретінде сынағым келеді. Журналистиканың ол жағынан берер мүмкіндігі мол, - деді Туғамбекова.
"Strategy2050.kz" ақпарат агенттігінің шығарушы редакторы Назерке Сүйіндік
Менің арманым Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық университеті болатын, сол себепті бірден он бірінші сыныпқа дейін оқимын деп шештім. Нәтижесінде, мектебіміз бойынша ҰБТ-дан ең жоғары балл жинап, арманымдағы оқу орнының журналистика факультеті баспа ісі мамандығына қабылдандым. Магистратураны да осы оқу ордасында тәмамдадым, - деді Назерке.
Жас маман онымен тоқтамай, "Болашақ" бағдарламасы бойынша бағын сынауға бел буады.
Шыны керек, алғашында қорқыныш болатын. Менің қолымнан келе ме, жоқ па деген сияқты қорқыныш сезімдері екі ойлы етіп тастады. Алайда оған дейін шетелде болғаным бар, әрі жан-жағымдағы достарым бірінен соң бірі "Болашақ" бағдарламасымен шет елге кете бастады. Оларды көріп неге мен де осы бағдарламаға тапсырмасқа деген ой келді. Менің жұмыс өтілім сияқты құжаттарымның бәрі бағдарламаның категорияларына сәйкес келді. Біз тапсырған жылы ағылшын емтиханның ең төменгі деңгейі төрт болатын. Мен де сол төрт балды алдым. Қалған үш деңгей бойынша өтетін емтиханнан да жоғары көрсеткішке ие болдым. Сөйтіп, бірнеше жыл арман болған бағдарламаның стипендианты атандым. Бағдарламаға енгізілген жаңа жүйеге байланысты сол ағылшын тілін алты айын елордада, қалған алты айын Ұлыбританияның Манчестер қаласында жалғастырдым, - деді Назерке.
Назерке Сүйіндік білім алып жүріп, телеарна мен ақпарат агенттіктерінде істеп үлгерген.
Журналистика бойынша білімімді шетелде де жетілдірдім. Алған білімімді тәжірибеде қолдана алдым. Бір бағытта тұрып қалмай, оқу, ізденісті тоқтатпау керек. Ол адам ретінде де, маман ретінде де шыңдай түседі. Шетелде алған білімім арқылы туған еліме үлес қоссам деймін. Бұл саланың күрмеуі көп, қызығы мен шыжығы мол. Мүмкіндігі де баршылық. Барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Қаламдары талмасын, - деп Назерке ізге ниетін білдірді.
"Primeminister.kz" порталының жауапты редакторы Дана Шакарман
Мектепті "Алтын белгіге" тәмамдаған Дана мамандықты "кейін жұмысқа тұра алам ба?" деген принцип арқылы таңдайды. Сөйтіп, кез келген салаға бара алатын қоғаммен байланыс мамандығы бойынша университетке түседі.
2-курстан кейін оқу-өндірістік іс-тәжірибені медиа агенттікке бардым. Сол жердегі мамандар мені жарты күнге жұмысқа шақырды. Студент кезімдегі еңбек өтілім осылай басталды. Алғашқы жалақым 25 мың теңге болды. Кейін сол жерде жетіліп, мансап бойынша көтерілдім де, - дейді Дана.
Шакарманның айтуынша, 2016 жылдың қазан айынан бастап қазіргі жұмысы "Рrimeminister.kz" порталында жұмыс істеп келеді.
Осы уақыттың ішінде лауазымым 4 рет ауысты. Арасында штаттан тыс тілшіге ауысып, магистратураны да тәмамдап алдым. Порталда жаңалықтар лентасы болмаса да, жоспардан тыс жұмыс көп. Кешкі уақытта шұғыл жаңалық болуы мүмкін. 8 сағат жұмысты тәмамдап, емін-еркін жүре алмайсың. Мен қазақша жазсам да, біздің жұмыста үш тілде де ақпарат жасауға тура келеді, - деді ол.
COVID-19 кезеңіндегі жұмыс
Ол атап өткендей, пандемия кезеңінде төтенше жағдай кезінде құрылған жедел штабта жұмыс істеген.
Таңғы 7.00-ден түнгі 12-ге дейін тынымсыз жұмыс істедік. Төтенше жағдай кезеңінде, яғни 2 ай бойы үздіксіз 24 сағат жұмыс істедік десем артық айтпаймын. Біздің портал ресми болғандықтан, өзіңді басқа бағытта дамытудың маңызы зор. Әртүрлі семинар мен біліктілікті арттыру курстарына да баруға тырысамын. Сондай-ақ, күнде бір идея беретін тонуста болу үшін сараптамашы болу қажет. Халықпен жұмыс істеуде тиімді болу мақсатында сараптамалық материалдар мен сұхбат, шолуларды да жаза алуың керек. Шетелдік Үкіметтің порталдарына да шолу жасап тұрамыз. Ол үшін, әрине, ағылшын тілі қажет. Олардың тәжірибесін зерделеп, ыңғайлы тұстарын өз жұмысымызда қолдануға тырысамын. Шетелдік БАҚ-қа да шолу жасап, хабардар болып отыру міндет,- дейді Шакарман.
"ҚазАқпарат" агенттігі мультимедиа бөлімінің фото-видеооператоры Кенжетай Ақсейітов
Кенжетай оператор болып 5-ші жыл жұмыс істеп келеді. Осыған дейін ол 10 жыл уақыт бойы видеоинженер болып машықтанған.
Операторлық жұмыс бір адамға байланысты емес. Ол командалық жұмысқа жатады. Бір сюжеттің дайындалып шығуына кем дегенде 3 адам жұмыс істейді. Тілші, оператор, видеоинженердің қосылып жұмыс істеуінен бір туынды шығады. Сондықтан да операторға қойылатын талап көп. Ол жарықты дұрыс қойып, режиссерлікті де меңгергені абзал. Адамдармен де дұрыс байланыс орната алуың керек. Себебі, саған кейіпкер болатын адамдардың мінездері де әртүрлі болады. Тіл таба білу өте маңызды, - дейді Кенжетай.
"Қиын әрі оңай"
Мамандықтың қызықты да, күрделі де тұстары баршылық. Түсірілімнің алуандығы ұнайды. Бір күні ресми шараны түсірсең, екінші күні зауытты не өзге бір ауылды аралап жүруің мүмкін. Ауа райын талғамай жұмыс істеуге тура келеді. Дала жаңбыр, боран, бұршақ болсын, аптап ыстықта кадр жинап, бейнематериалдың қамын ойлауың керек. Бұл адамды физикалық тұрғыда шыңдай да түседі, - дейді ол.
Ақсейітовтың айтуынша, пандемия кезеңінде карантин режимі мен блок-бекеттердің жұмысын бейне арқылы оқырманға жеткізу мақсаты тұрды.
Төтенше жағдай кезінде барлық тұрғын үйінде карантинді сақтап жатқанда, біз қауіпті ошақтарға шығып, халыққа бейне арқылы оқиғаны жеткізу үшін талмай еңбек еттік. Күні-түні камерамызды арқалап, карантиннің қалай сақталып жатқанын, мемлекеттің қандай шараларды жүзеге асырып жатқанын тынбай түсірдік. Бұл да бір есте қалатын айтулы жұмыс күндердің бірі болмақ. Оператор болу үшін шыдамды болу керек. Өз ісіңе деген ыстық ықылас қана жұмыстан қажытып жібермей, сені әркез өз күшіңде сақтап тұра алады, - деді ол.
"ҚазАқпарат" агенттігі мультимедиа бөлімінің фототілшісі Бауыржан Жуасбаев
Бойдақ кезімде аутсорсинг компанияларда видео жасаумен айналысып жүрдім. Жеке студиям да болды. Ол кәсібім жүрмеген соң, алдыма кәсіби фотограф болам деген мақсат қойдым. Әлемдік деңгейдегі фотограф болсам деген арман пайда болды. Кейін "Казконтент" АҚ-ға жұмысқа тұрдым. Басында қиын болғаны жасырын емес. Компаниядағы білікті мамандарға қарап бой түзедім, біліктілігімді арттырдым, шыңдалдым, - дейді Бауыржан.Қазір әлеуметтік желіде хитке айналған көп фотоның авторы Бауыржан компанияда 8-ші жыл жұмыс істеп келеді.
Осы аралықта елдегі ресми, бейресми шаралар мен елдің бірінші тұлғалары қатысқан шетелдік шаралардың оқиғаларын тарихқа сурет қылып енгізді. Ол еңбегі үшін былтыр ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысын да алды.
"Әлемге, айналама объектив арқылы қараймын"
Әлемге, айналама объектив арқылы қараймын. Апталап отбасымды көрмесем де, бір елден келе сала, тағы бір елге іс-сапармен шығып жатсам да, шаршасам да, жұмысымды жақсы көремін. Бұл жұмыс - мен үшін табыс табудың, нәпақаның жолы емес, рухани демалып, шығармашылық шабыт беретін сүйікті кәсібім. Басқа салаға ауысу мүмкіндігі болса да, фотоаппаратым қымбат. Өйткені, қас-қағым сәттегі эмоцияны, қимылды, көзқарасты қалт жібермей, таспаға басып алу мен үшін бақыт. Түсірген әр фотода тарихтың бір сәті мәңгілік сақталады. Ол жағдай ешқашан, еш жерде қайталанбауы мүмкін, бірақ таспада сақталады, - дейді ол.
Бауыржан мемлекет басшысы, басқа да лауазымды тұлғалар қатысатын ресми шаралардан фототілші болып, хабар таратудың жауапкершілігі тағы бар екенін айтады.
Мәселен бір жылда 10-нан астам елде болыппын, ел ішіндегі ауқымды оқиғалар бар. Оларда түсірілген фотоларды санау қиын. Қанша фото БАҚ беттерінде жарияланды, одан тыс қалғандары қаншама. Алайда өзімнің суреттерімнің әрқайсысы мен үшін қымбат. Кәсіби мерекемен барлық әріптестерімді құттықтаймын. Жағымды жаңалықтар мен жетістіктеріміз мол болғай!, - деді Бауыржан Жуасбаев.
"Tengrinews.kz" ақпарат агенттігінің тілшісі Рахиля Тілеуова
Арман алдамайды
Журналист болу менің бала күнгі арманым. 9-сынып оқып жүрген кезде теледидардан дикторларды көріп, қиялға берілдім. Үйде соларға еліктеп, жаттығатын болдым. Алайда 10-11-сыныптарда анам "қыз түздің емес, үйдің адамы" деп бұл мамандықтың мазасыз екенін түсіндірді. Қыз бала шаңырақ құрып, ер-азаматтың жағдайын жасау қажетін айтты. Осылайша, анам маған техникалық білім алуға кеңес берді. Мен бұған көнсем де, Еуразия ұлттық университетінің филология факультетіне грантқа түстім. Анам филолог болуыма қарсы болмады. Кейін магистратурада білімімді жетілдірдім, - дейді Рахиля.
Оның журналистік жолы "Bnews.kz" ақпарат агенттігінде аудармашы қызметінен басталған.
"Шынайы, жедел, тексерілген ақпарат тарату"
Кейін "BAQ.KZ" ақпарат агенттігіне редактор болып ауыстым. Қазір "Tengrinews.kz-тің" тілшісімін. Біздің кезімізде тек телеарна мен радио ғана болатын. Қазір интернет қарыштап дамыған соң, ақпарат агенттіктерінің өз оқырмандары пайда болды. Мен телеарнада диктор болғым келсе де, "заманың түлкі болса, тазы боп шал" демекші, заманға қарай бейімделдім. Қазіргі жұмыс істеп жатқан орнымды мақтан тұтамын. Журналист кез келген уақытта ақпаратты халыққа боямасыз жеткізуі керек. Оқиға орнынан жазылатын ақпарат оқырманға түсінікті, қарапайым тілде жеткені абзал. Мемлекеттік бағдарламалардың жұмысы мен ақпараттық саясатты халыққа жеткізу - ең басты міндетіміз. Шынайы, жедел, тексерілген ақпарат беруге міндеттіміз. Дәл қазір осы міндеттерді атқарып жүрміз. Осы сәтті пайдаланып БАҚ саласында істейтін барлық қызметкерді мерекемен құттықтаймын. Жақсылықтың жаршысы болайық!, - деп қорытындылады Рахиля.
Рахиля Бекназарқызы тілшілік тіршілікте жұмыс бабымен бірқатар елді аралап, байқаулардың да жеңімпазы атанған. Былтыр ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің "Ақпарат саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталғанын айта кеткен жөн.
Құрметті әріптестер! Кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Жылына бір келетін мерекеде еңбектеріңіз еленіп, мерейлеріңіз арта түссін! Шығармашылықтың шыңында шалқып жүре беріңіздер. Қаламдарыңыз қарымды, асуларыңыз алымды, жүректеріңіз жалынды болсын!