Журналист, кәсіпкер, депутат. «Ақ жол» президенттікке кандидатқа кімді ұсынады?
Бұл туралы елордада өтіп жатқан «Ақ жол» партиясының ХІХ құрылтайы кезінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қараша айында мерзімінен бұрын өткізілгелі отырған саяси оқиға – Президент сайлауына фракция атынан құрылтай қарауына ұсынылған үш үміткердің бірі таңдалады.
Президенттікке сайлауға партиямыздың қатысуы туралы ұсыныс жасадық. Партия атынан сайлауға түсетін үміткерді ұзақ талқыладық. Партия атынан бір ғана кандидат додаға түсе алады. Үш үміткердің бірі - жетісулық партияласымыз, журналист Сандуғаш Дүйсенова. Екінші кандидат - Атырау облыстық филиалымыз ұсынған, Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев. Ал үшінші үміткер - «Ақ жол» ҚДП Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асқар Садықов, - деп атап өтті фракция төрағасы Азат Перуашев.
Еске сала кетейік, елордада өтіп жатқан «Ақ жол» демократиялық партиясы ХІХ құрылтайының күн тәртібінде партия атынан президенттікке кандидат ұсыну мәселесі талқыланып жатыр. Белгілі болғандай, құрылтай жұмысына партия мүшелерінің саны ескеріліп, өкілдік нормаларға сәйкес өңірлік партиялық конференцияларда сайланған 130-ға жуық делегат қатысып отыр.