18 Тамыз 2026, 17:47 Фото: Orda.kz

Бажкенова қаражат жымқыру, заңсыз кәсіпкерлік пен жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылды

Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алматы қаласының Бостандық аудандық №2 сотында журналист Гүлнара Бажкеноваға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша айыпталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сот мәліметінше, 2024 жылдың қарашасы мен 2025 жылдың желтоқсаны аралығында Бажкенова «О» ЖШС-нің басшысы бола отырып, қызметтік өкілеттігін пайдаланып, компания шоттарынан 88,1 млн теңгеден астам қаражатты иемденген. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл қаржы жалған жарнамалық, кәсіби және ғылыми қызметтер үшін төлем ретінде өз бақылауындағы жеке кәсіпкердің есепшотына аударылған. Сонымен қатар қаражаттың бір бөлігі ұлының жекеменшік халықаралық мектептегі оқу ақысын төлеуге жұмсалған.

Сондай-ақ сот оның кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелмей-ақ Алматы қаласындағы пәтерлерді сатып алу және сату арқылы 121,2 млн теңге табыс тапқанын, алайда салық төлемдерін төлемегенін анықтаған.

Іс материалдарына сәйкес, 2024-2025 жылдары ақпараттық-талдамалық «О» порталының бас редакторы болған Бажкенова алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы бірнеше рет көрінеу жалған ақпарат таратқан. Сот мұндай әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірді деп бағалаған.

Сот үкімімен Гүлнара Бажкенова кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған 5 жыл мерзімге бұқаралық ақпарат құралдары, журналистика, блогинг, қоғамдық іс-шаралар және өзге де қоғамдық қызмет саласында жұмыс істеуге, сондай-ақ БАҚ-пен байланысты ұйымдарда басшылық және материалдық жауапты қызметтер атқаруға тыйым салынды.

Алайда Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, 14 жасқа толмаған баласының болуына байланысты жазаны орындау екі жылға кейінге шегерілді.

Бұдан бөлек, сот материалдық шығынды өтеу ретінде 95,9 млн теңге, мемлекеттік баж ретінде 2,8 млн теңге, сондай-ақ жәбірленуші тараптың заңгерлік көмек пен процессуалдық шығындары үшін 6,8 млн теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Тағы оқи отырыңыз: Қаражат жымқыру, заңсыз кәсіпкерлік пен жалған ақпарат тарату – прокурор Бажкенованың кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеді