Жүргізушілерді дайындау сапасын жақсарту керек – сенатор

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің депутаттары Мемлекет басшысының "Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері бойынша дөңгелек үстел отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенат комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров өзінің кіріспе сөзінде қазіргі жағдай жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде заманауи әдістер әзірлеуді талап ететінін атап өтті.

Бұл мәселе заңнаманы жетілдіруді, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруды және жүргізушілерді дайындау сапасын жақсартуды қамтитын кешенді тәсілді қажет етеді, – деді ол.

Сенатор Марат Қожаев шара барысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Қатысушылар жол қозғалысы ережесін сақтауға бақылауды күшейту, заманауи бейнебақылау технологиясын енгізу және апат жиі болатын жерлерді талдау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жауапкершілігін арттыру, жолда жүру мәдениетін көтеру мақсатында білім беру бағдарламаларын енгізу мен әлеуметтік жарнаманы пайдалану мәселелері көтерілді.

Көлік министрінің орынбасары Сәтжан Аблалиев қыс мезгіліндегі жол инфрақұрылымының жай-күйі туралы баяндады. Ол республикалық күре жолдарды күтіп ұстауға арналған жолда пайдаланатын техниканың тапшылығы бар екенін хабарлады. Ол үшін 2024 жылы 140 дана техника сатып алынған болатын, ал 2025 жылдың басында тағы 381 техника сатып алу жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты бақылауда.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша заңнаманы жетілдіру, жол инфрақұрылымын жақсарту және алдын алу шараларын күшейту жөнінде тиісті ұсыныстар әзірленетін болды. Барлық ұсыныстар зерделеу және іске асыру үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы