Жүргізуші жол апатына ұшырағаны үшін 2 млн теңге өндіріп алды
Қостанай облысында жол жұмыстарын жүргізу кезінде жіберілген заңбұзушылықтар салдарынан болған жол-көлік оқиғасына қатысты сот ісі аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот шешімі бойынша жергілікті жауапты ЖШС-нің бірі жол апатынан зардап шеккен жүргізушіге келтірілген залалды өтеуге міндеттелді.
Оқиға өткен жылдың қазан айында облыстық маңыздағы "Веденка – Қостанай" автожолында болған. ЖКО салдарынан ер адамға тиесілі BMW көлігіне елеулі техникалық зақым келді.
Сот анықтағандай, жол жұмыстары жүргізілген жерде қажетті ескерту белгілері қойылмаған. Іс материалдарына сәйкес, учаскеге жауапты жол бригадасының шебері тиісті қоршау мен жүргізушілерді хабардар етуді қамтамасыз етпеген. Бұл автожолдардағы қауіпсіздік туралы заңнама нормаларын тікелей бұзу болып табылады.
Көлікті қалпына келтіру құны 1 592 000 теңге деп бағаланған. Осыған байланысты азамат Қостанай қалалық сотына шығынды өтеу туралы талап арыз түсірді.
Сот шешімімен азаматтың талаптары негізді деп танылып, ЖШС-дан талапкердің пайдасына залал сомасы мен сот шығындарын қосқанда жалпы 2 миллион теңге өндірілді, - деп жазылған сот хабарламасында.
Сот шешімі заңды күшіне енді.