Жүргізуші даярлайтын оқу орталықтарына жаңа талаптар енгізіледі
Ресми деректерге сәйкес, елімізде жыл сайын 140 мыңнан астам азамат алғаш рет жүргізуші куәлігін алады.
Мемлекет басшысы цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заңға қол қойды.
Polisi.kz-тің жазуынша, заң аясында жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға, жүргізушілерді даярлау сапасын жақсартуға және осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған маңызды нормалар қарастырылған.
Енгізілген өзгерістерге сәйкес, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган – Ішкі істер министрлігіне жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарына рұқсат беру және олардың қызметін бақылау өкілеттігі беріледі. Бұл шара жүргізушілерді даярлау жүйесінің сапасын арттыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
Ресми деректерге сәйкес, елімізде жыл сайын 140 мыңнан астам азамат алғаш рет жүргізуші куәлігін алады. Қазіргі таңда жүргізушілерді даярлаумен 819 оқу ұйымы айналысады.
Заңдағы тағы бір маңызды жаңалық – электр самокаттарының тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолдарымен қозғалуына тыйым салынуы. Мамандардың айтуынша, мұндай көлік түрлері жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалардың қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді. 2025 жылы электр самокаттары жүргізушілерінің кінәсінен 139 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 149 адам жарақат алған.
Сонымен қатар «Жол жүрісі туралы» заңнан елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көлікті тұраққа қоюға тыйым салатын норма алынып тасталады. Бұдан бөлек, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін камералардың қолданылу аясы кеңейтіліп, электромобильдер үшін арнайы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері енгізіледі.
Заңдағы өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге, жүргізушілерді даярлау сапасын арттыруға және барлық жол қозғалысына қатысушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.