Ақтөбеде «Жүректен жүрекке» қайырымдылық аукционы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай «Өнер орталығында» «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық аукцион-концерті өтті.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік-патронаттық қолдау көрсетуді мақсат еткен шарада өңірдің танымал әншілері өнер көрсетті. Қайырымдылық концерттен және өткізілген аукционнан түскен қаражат иелеріне сертификаттар тапсырылды. Ал, жетім балаларға мейірімділік көрсетіп, демеушілік танытқан азаматтар Алғыс хаттармен марапатталды.
«2016 жылдан бастап ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін облыс және қала басшылығы арнайы акция өткізіп келеді. Оған жетістікке жеткен ақтөбеліктер, бизнесмендер қатысып, қолғабыс етуде. Осы уақыт ішінде балаларға 38 миллион теңге жиналды. 120-дан астам бала өз пәтерлерінде тұрып жатыр. Сіздерге де осындай көмектеріңіз үшін алғысымды білдіремін», - деді қала әкімі Ілияс Испанов.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде көптеген қайырымдылық іс-шараларға белсенді қатысу үшін, қала әкімі Ілияс Испановтан бастап, бөлім басшылары мен олардың орынбасарларына, қалалық мәслихат депутаттарына, ведомстволық бағыныстағы кәсіпорындарға жетім балалар бекітілген. Олар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да ашылған сол балалардың жеке шоттарына ай сайын жалақылары есебінен қаражат салып отырады.