Жүрек трансплантациясы: Дәрігерлер жас жігіттің өмірін сақтап қалды

Алматыда алғаш рет донорлық жүрек трансплантациясы жасалды. 6 сағатқа созылған күрделі ота Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Almaty.tv сілтеме жасап.

23 жастағы астаналыққа 53 жастағы донордың сау жүрегі салынды. Адамгершілік, мейірімділік пен жанашырлық секілді қасиет бірнеше адамның өмірін аман алып қалды. Органдар доноры болған Алматы тұрғыны 53 жасында екінші рет ишемиялық инсультқа шалдыққан. Марқұмның туыстары келісім беріп, трансплантация арқылы жүрегі ауыратын жас жігіттің өмірін сақтап қалды.

Донор пайда болғаннан кейін шақырып, толықтай зерттеу жасап, жүрек алмастыру отасы жасалды. Қазір оның жүрегі жақсы соғып тұр. Бұрынғыдай жүрек жетіспеушілігінің симптомдары қайтты. Енді күннен күнге жағдайы жақсарып келеді, – деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев.

Оңтүстік астанада жасалған жүрек трансплантациясы әйгілі кардиохирург Юрий Пяның жетекшілігімен жасалды. Қазақстанда бұған дейін мұндай 85 ота жасалған. Елімізде 2012 жылы алғаш болып жүрегін алмастырған науқас бүгінде белсенді өмір салтын ұстанып, бақытты өмір сүруде. Ал алматылық дәрігерлер мұндай күрделі операцияны алғаш рет қолға алды.

Институт үшін бұл – тарихи жағдай. Біздің бірінші мақсатымыз – отаны жалғастырып, институттың ішінде жолға қою. Оған құрал-жабдықта да, маман да жеткілікті. Юрий Владимировичтің командасымен 1-2 ота жасалса, біздің мамандар өздері жолға қояды, – деді Кардиология және ішкі аурулар ғзи басқарма төрағасы Марат Пашимов.

Бүгінде Қазақстан бойынша 147 адам жүрек трансплантациясын күтіп отыр. Өкінішке қарай, жыл сайын донор кезегінде тұрған науқастардың 70 пайызы көз жұмады. Ал Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шорановтың айтуынша, қазір елімізде 4 мыңға жуық адам ағза ауыстыру кезегінде тұр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - Архив
Өзгелердің жаңалығы