17 Тамыз 2026, 19:05 Фото: gov.kz

Жүрек-қан тамырлары ауруы: Астанадағы съезд жаңа шешімдер ұсынды

Астанада атеросклероз және жүрек-қан тамырлары ауруларымен күресудің жаңа тәсілдері талқыланды

Астанада Қазақстан атеросклероз қоғамының үшінші жыл сайынғы съезі өтті. Оның жұмысына 1,6 мыңнан астам дәрігер мен мейіргер іс жүзінде және онлайн форматта қатысты.

Съезді Халықаралық атеросклероз қоғамы (IAS), Еуропалық атеросклероз қоғамы (EAS) (бұл ұйымдарға қазіргі уақытта ҚАОҚ мүше болып табылады), сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қолдады.

Іс-шара аясында 13 ғылыми сессия өтті. Алғаш рет кардиоренометаболикалық синдромға және мультидисциплинарлық команданың жұмысына, әйелдер денсаулығы мен жүрекке, ми, жүрек, атеросклероз және деменцияның өзара байланысына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ алғаш рет мейіргерлік сессия және ҚАОҚ пациенттер қанатының сессиясы ұйымдастырылды.

Алаңда 68 спикер сөз сөйледі, олардың 20-сы халықаралық орталықтар мен кәсіби қоғамдарды, соның ішінде International Atherosclerosis Society пен European Atherosclerosis Society ұйымдарын ұсынды.

Отырыстарға Қазақстанның барлық өңірлерінен 506 дәрігер мен мейіргер офлайн форматта қатысты. Тағы 1112 адам онлайн режимінде қосылды. Трансляцияны Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания, Қырғызстан, Молдова, Нидерланд, АҚШ, Қытай, Эстония және Грузия қатысушылары тамашалады.

Съездің басты тақырыптарының бірі қан айналымы жүйесінің аурулары болды. Аталған іс-шарада атап өтілгендей, бұл аурулар әлем халқы арасындағы өлім-жітімнің басты себебі болып қала береді, ал жіті миокард инфарктісі мен инсульт – өлім мен мүгедектікке әкелетін негізгі аурулардың қатарында.

Бұл аурулардың негізінде жүрек пен ми артерияларының атеросклерозы жатыр, ол ұсынылған деректерге сәйкес, 90% жағдайда түпкілікті нәтижені анықтайды. Осыған байланысты қатысушылар жүрек-қан тамырлары денсаулығының көрсеткіштеріне, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім мен мүгедектікке әсер ете алатын атеросклероздың даму механизмдері мен себептерін, оны ерте диагностикалау және емдеу мүмкіндіктерін талқылады.

Съезде атеросклероздың қан айналымы жүйесі ауруларының, жіті миокард инфарктісі мен инсульттың бір себебі ретіндегі бағыттары бойынша ғылыми және практикалық ұсынымдар қарастырылды.

Бұдан бөлек, Қазақстанда атеросклерозды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері енгізіліп жатқаны, сондай-ақ амбулаториялық және стационарлық кардиологиялық қызметті ұйымдастырудың жүйелі мәселелері шешіліп жатқаны атап өтілді. Съезд ұйымдастырушыларының ақпараты бойынша, бұл жұмыс IAS және EAS халықаралық ұйымдары тарапынан жоғары бағаға ие болуда.

Іс-шара қорытындысы бойынша негізгі ұсыныстар съезд қарарына енді.

Атап айтқанда:

  • Медицина қызметкерлерін кәсіби тұрғыдан оқытуды дамыту: Липидология, атеросклероз және кардиоренометаболикалық синдром негіздері бойынша білім беру бағдарламаларымен міндетті түрде сертификаттаудан өткізу ұсынылады. Дайындық кардиологтарды, жалпы тәжірибе дәрігерлерін, терапевтерді, эндокринологтарды, неврологтарды, нефрологтарды, тамыр хирургі мен интервенциялық кардиологтарды қамтуы тиіс.

  • Мультидисциплинарлық командалар құру: Елдің барлық өңірлерінде мультидисциплинарлық командаларды құру және мейіргер мамандарын оқыту көзделген.

  • Липидтік орталықтар желісін кеңейту: Қазақстанның облыс орталықтары мен ірі қалаларында Lipid Clinic Network халықаралық ұйымының бөлігі ретінде липидтік орталықтар желісін одан әрі дамыту.

  • Атеросклероз кабинеттерін ашу: Барлық өңірлердегі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында, әсіресе ауылдық жерлерде атеросклероз кабинеттерін дамыту. Мұндай алаңдар тәжірибелік денсаулық сақтаудың клиникалық, білім беру және зерттеу қызметіне халықаралық стандарттарды енгізуге ықпал етуі тиіс.

  • Скринингті кеңейту: Медицина қызметкерлерін қатыстырмай, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, популяциялық зерттеу ретінде скринингті кеңейту қарастырылған.

  • Цифрлық технологияларды енгізу: Қан айналымы жүйесі аурулары бар пациенттерді бағыттау (маршрутизация) мен мониторингті жетілдіру, липидтік орталықтар мен атеросклероз кабинеттерінің базасында заманауи диагностика және емдеу әдістерін енгізу.

  • Ұлттық тіркелімдер мен профилактика: Отбасылық атеросклероз түрлері бар пациенттердің негізгі топтары бойынша ұлттық тіркелімдерді дамыту, сондай-ақ пациенттердің жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға деген белсенділігі мен емге деген ұстанымын (приверженность) арттыру.

Осылайша, съездің қорытынды ұсыныстары атеросклерозды диагностикалау мен емдеуді ғана емес, сонымен қатар медицина кадрларын даярлауды, мамандандырылған инфрақұрылымды дамытуды, цифрландыруды, скрининг пен пациенттермен жүргізілетін профилактикалық жұмыстарды да қамтиды.