"Жүрегіміз қақ айырылды". Ерке Есмахан ұлына қатысты фейк ақпарат тарағанын айтты
Әнші Ерке Есмахан белгісіз адам Тик-Ток әлеуметтік желісінде видео жариялап, ұлы Исламды шетінеп кетті деп жалған ақпарат таратқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Эстрада жұлдызы Ерке Есмахан Instagram-дағы парақшасында Ораза айының соңғы күндерінде болған жағымсыз жайт туралы айтып берді. Сөзінше, белгісіз адам Тик-Ток желісіне оның ұлы туралы қаралы хабар жариялаған. Салдарынан Есмаханның оқырмандары оған жаппай жаза бастаған.
Әншінің сөзінше, жалған ақпарат болса да видеоны көргенде жолдасы екеуінің көзіне жас келген. Қаскөй аталмыш видеоны өшіріп үлгерген екен. Бірақ жұлдызды отбасы бұл істі жай қалдырмайтынын атап өтті.
Оразаның соңғы күндері менен жағдай сұрап жазбаған адам қалмады. Қасиетті айда қасиетінен айырылған бір малғұнның кесірінен. Мен негізі негативке күліп жауап беріп, артынша бақыт тілеп жіберетін адаммын. Бірақ бұл жолы, мені емес, Райм екеумізге емес, кішкентай балаға тиісті. Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады. Сол үшін әр қазақ менің жалғызым деген сөзді айтқым келмейді. Өзім қазақпын. Қазақ халқы тәуір, бірақ ішінде хайуаннан бетер жетесіз адамдар жетеді. Мысалы осыны ойлап, өз қолымен жасап, интернетке шығарған тәрбиесіз бір қазақ бар ғой қарап тұрсақ. Сіздер шошып жатсыздар, енді осыны көргенде әкесі екеуміз жалған ақпарат болса да көзімізге жас алып, жүрегіміз қақ айырылды. Тиктогымыз жоқ, қарамаймыз тикток, сондықтан кеш естіп, көрдік. Әкесі табамын деп кіріп іздеп бастағаны сол еді, өшіріп үлгеріпті видеоны, артынша жасаған бүкіл парақшасын жоқ қылды. Бірақ қазіргі заманда қаласаң бәрін табуға болады. Бұл істі жәй қалдырмаймыз, - деп жазды әнші.
Ерке Есмахан елде су басып, халық қиналып, адам адамды өлтіріп жатқан кезде, Ораза айында балаға тиісіп отырған адамның әрекетіне наразылығын білдірді. Айтуынша, видеоны жасаған қазақтың қарапайым баласы.
Алланың назарынан тыс қалған, жүрегінде 1 тамшы иман жоқ, ата ананың тәрбиесін көрмеген, өз тағдырының алды артын, ұрпағын ойламайтын қандай ғана шайтан тектес адам бұны жазған? Үлкен бе, кіші ме, қыз ба ұл ма білмейміз. Бірақ, анық қазақ екенін білеміз. Елде су басып, халық қиналып, адам адамды өлтіріп жатқан кезде, Ораза айында балаға тиісіп отырған Алладан қорықпайтын қандай қарғыс атқан құбыжық екен, а? Айтарға сөзім жоқ. Адамдар, өтініш, сөздеріңізге, істеріңізге ие болыңыздаршы. Керім халықпыз, қанымыз таза, рухымыз биік, жеті атамыз бар деп тек сөзбен емес, іспен де көрсетіп жүріңіздерші. Қазаққа қазақтан артық жау жоқ болып тұр бұл заманда. Ал видеоны жасаған ауруды және ол жалған ақпаратты таратқан ауруларға мен ештеме істей алмасам Алла жасазын берсін деп кешегі осы Оразаның соңғы күнінде дұға еттім. Өмірдің жалған екенін ұмытпайық. Ақыретімізді ұмытпайық. Аман болыңыздар, жақсы адамдар, - деп түйіндеді ол.