«Жүрегім қатты ауырды». Жинаған ақшасын Құлсары халқына берген 11 жастағы кентаулық Гауһармен сұқбат

«Кентаулық кішкентай қыз 1 жыл бойы жинаған қаражатын үйлерін су басқан Құлсарыға көмек ретінде жіберді». Осындай ақпаратты әлеуметтік желіден, БАҚ беттерінен жиі кездестірдік. Кентаулық мейірімді, жомарт қыз кім? Оның ата-анасы кім? Ол өзіне жинаған қаражатын құлсарылықтарға неге бергісі келді? BAQ.KZ тілшісі кентаулық Гауһар мен оның анасымен байланысып, әңгімеге тартты.

Гауһар Шәймерден – Түркістан облысы Кентау қаласы Ататүрік атындағы №4 мектептің 4-сынып оқушысы. Ол көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан 11 жастағы қыз. Отбасында бір ұл және 5 қыз бар. Олар 5 қыздың төртіншісі.

- Гауһар қалың қалай?

- Барлығы жақсы.

- Қазір жасың нешеде? Нешінші сыныпта оқисың?

- Жасым 11-де, 4-сыныпта оқимын.

- Гауһар, өскенде кім болғың келеді?

- Болашақта дәрігер болғым келеді. Қаламызда апаттар болған кезде жарақат алған адамдар емханаға көп келеді. Сондай жағдайда адамдарды емдеп, аяғынан тік тұрғызамын.

- Өзің жинап жүрген ақшаны су апаты болған аймақтардағы өзің сияқты оқушыларға бергеніңді естідік, көрдік. Телефон алуға жинаған екенсің. Неге ақшаңды бөтен балаларға бергің келді?

- Құлсарыны су алып жатқанын телефоннан көрдім. Оны көріп, жүрегім қатты ауырды. Көп үйдің су астында қалғанын, анасының баласын құшақтап алып жүгіріп кетіп бара жатқанын көрдім. Сосын мамама жинаған ақшамды үйлері су астында қалған Құлсарыға көмекке бергім келетінін айттым. Сөйтіп келесі күні орталық алаңдағы үлкен КамАЗ-ға барып, тапсырдық. «Копилканың» қасына құлсарылықтарға хат та қосып жібердім.

Хатта былай дедім: «Құлсарыға Кентаудан сәлем! Құлсарылық достарым, мен Шәймерген Гауһар Ерболқызы Түркістан облысы Кентау қаласы Ататүрік атындағы №4 мектептің оқушысымын. Сіздердің ауыр жағдайларыңызды көріп қатты уайымдадым. Бірақ сіздер қазақтың батыр ұлдары мен қыздары екендеріңізді білемін. Сіздерге бар жақсылықты тіледім. Жинап жүрген ақшам бар еді. Соны сіздерге беремін. Киіз үйдің ішінде қанша бар екенін білмеймін. Бірақ барлығы сіздердікі».

- Жарайсың, Гауһар. Қазір сабағың қалай? Үздік оқушысың ба?

- Иә, қазір сабағым жақсы. Үздік оқушымын.

- Мектепте қандай пәндерді сүйіп оқисың?

- Жақсы көретін пәндерім – көркем еңбек, дүниетану және қазақ тілі.

- Су тасқыны болып жатқан облыстардағы өзің сияқты оқушыларға не айта аласың?

- Құлсарылық достарым, сіздер қазақтың батыр ұлдары мен қыздары екендеріңізді білемін. Бүкіл Қазақстан сіздермен бірге! Қазақстанымыз құлпырып, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!

Гауһардың анасы Гүлшат Ерғондиева қызы, отбасы және қазіргі жағдайлары жайлы әңгімелеп берді.

«Мен өте бақытты анамын»

Көпбалалы анамын, бір ұл және 5 қыз тәрбиелеп отырмын. Гауһарым 5 қыздың төртіншісі. Балаларым өте білімді, әкесі екеуіміз балаларымызға қолымыздан келгенше білім мен тәрбие беріп жатырмыз деп ойлаймын. Осы тәрбиенің арқасы болар, Гауһарым да, жалпы барлық балам өте мейірімді болып өсіп келеді. Мен өте бақытты анамын. Берген білім мен тәрбиеміздің нәтиже беріп жатқанына ризамын, - дейді көпбалалы ана.

Кентаулық Ерғондиева жұмыс істемейтінін, қазір бала тәрбиесімен және үй шаруасымен айналысатынын айтты.

Мен жұмыс істемеймін, үйде балаларымның тәрбиесімен айналысамын. Бұрындары кішігірім жұмыстарды істедім. Ал қазір үйдемін. Оның үстіне Гауһардың денсаулығы да сыр беріп жатыр. Ауруханаға қайта-қайта жатып қалып жатырмыз. Сол себепті осы қызыма қарап, үйде отырмын, - дейді ол.

Сөз арасында көпбалалы кентаулық анадан бала тәрбиесіне қалай көңіл бөлетінін сұрадық.

Ең алдымен баланы тәрбиелейтін – ол ана. Әрине, әке де көмектесіп тұрады. Десе де тәрбиенің басым бөлігі ананың мойнында. Ұл-қыздарды тоғыз ай көтеріп, дүниеге әкелетін ана. Сол себепті жауапкершілікті ана көбірек сезінеді деп ойлаймын. Жалпы бала тәрбиесі - өте қиын процесс. Балаға кішкентай кезінен бастап тәрбие беру керек. Баланың мектепке баруын, оның мұғалімдермен қарым-қатынасы мен оқуын қадағалап, баламен өте көп жұмыс істеу керек. Мен балаларымның тәрбиесінде жолдасым екеуіміз жақсы жұмыс істедік деп мақтанышпен айта аламын. Үлкен балаларым да университетте грантта оқып жатыр, - деп айтты Гүлшат Ерғондиева.

Көпбалалы ана балаға қандай тәрбие берсең, соның жемісін жейсің деген пікірде.

Қазір балаларыма берген тәрбиенің жемісін жеп отырмын. Қыздарымның барлығы №4 мектепте оқиды, үздік оқушылар. Барлығы да қосымшаларға барып, түрлі олимпиадаларға қатысып жүр. Өзім де балаларымды қандай қосымша, үйірме бар – барлығынан қалдырмауға тырысамын. Балаларым білімді болса екен деген ниетпен білімді орталардан қалдырмаймын. Балаларымның биіктерден көрініп жүргені де соның жемісі деп білемін, - дейді ол.

Көпбалалы ананың сөзінше, Гауһар әжесінің қызы. Ол әжесінің тәрбиесін көп көргендіктен осындай мейірімді қыз болып өскен.

«Гауһарымды мақтан етемін»

Гауһарым мықты, өте мейірімді қыз болып өсіп келе жатыр. Осы мінезінің арқасында болар, халықтың алғысын естіп, отандастарымыздың игі тілектерін алып жатыр. Қызымды мақтан етемін. ... бірақ қазір Гауһарым сырқаттанып қалды. Бұл да Алланың бір сынағы шығар. Жыламаймын деймін, бірақ көз жасыма ерік беріп қоя беремін. Гауһарымның ауруы жаныма қатты батады. Дәрігерлер көп ем қажет екенін айтып жатыр. Наурыздан бері ауруханаға жатып қалып жатырмыз, - дейді құлсарылықтарға көмегін берген Гауһардың анасы Гүлшат.

Оның сөзінше, дәрігерлердің Гауһарға қойған диагнозы нашар болып тұр.

Гүлшат ханым көз жасына ерік беріп, қызының ауруы жанына қатты бататынын айтты.

Гауһар жиған ақшасын атыраулықтарға қалай берді?

Жаңа айтқанымдай, 19 наурызда қызым қатты ауырып, қан тоқтамай ауруханаға түстік. Қызым үш күн реанимацияда жатты. Палатаға шығарғанда қызымның көңіл-күйі түсіп кеткенін байқап жүрдім. Кейін үйге оралдық. Алайда екі күннен кейін қайтадан реанимацияға түсіп қалдық. Есін жинағаннан кейін дәрігерден рұқсат алып, қызымның қолына телефон бердім. Телефонды қарап жатып, «Мама, Атырау деген қайда? Құлсары қайда?» деп сұрай бастады. Қызымнан неге сұрағанын сұрағанымда «Мама, қараңызшы, ол жақта үйлердің бәрін су алып жатыр екен. Адамдар үйсіз-күйсіз қалып жатыр. Балалар да ауырып жатыр. Оларды ұшақпен алып кетіп жатыр екен» деп көп сұрақ қоя бастады. Қызыма Атырау облысын су алып жатқанын, бірақ кейін жағдай тұрақталатынын, оны уайымдамай, өз денсаулығын ойлау керегін айттым, - деді Гауһардың анасы.

Ол қызы өзі ауырып, қиналып жатса да, сол жақтағы кішкентай балалардың жағдайын көріп, жаны ашығанын айтты.

Өзіміз 21 жылдан бері көшіп-қонып, жалдамалы пәтерде тұрып жүрміз. Бірақ ауруханадан шыққан күні жалдамалы пәтеріміз сатылып кетті. Сол кезде Гауһарым «Мама, біз енді қайда барамыз?» деп сұрады. Қызым үйсіз қалып қоятын болдық деп ойлаған болар. Гауһар уайымдамасын деп, үйді сатып алған адамдар, оны біз көпбалалы отбасы болғандықтан бізге беріп жатқанын айтып, көңілін ауладым. Осыны естіген қызым қуанып қалды, - дейді кентаулық ана.

Оның сөзінше, Гауһар емделіп шыққаннан кейін жинаған қорабын орап, ішіне хат жазып, Құлсарыға жіберуге дайындаған.

Қызымның әкесіне және өзіне телефон аламын деп былтырдан бері жинап жүрген ақшасы бар еді. Соны осы күні кешкі асымызды ішіп отырғанда Атырау облысындағы балаларға бергісі келетінін айтты. Әкесі қаланың орталық алаңында қайырымдылыққа азық-түлік жинап тұрған КамАЗ бап екенін айтып, қызымызға жинаған ақшасын ертең соған апарып берсе, ақша жинаған қорабы құлсарылық балаларға жеткізілетінін түсіндірді. Оны естіген қызым қуанып кетіп, онда хат жазғысы келетінін айтты. Қызым отырып хатын жазып, дайындап қойды.

Сөйтіп ертесіне ойымызда ештеңе жоқ, жәрмеңке болып жатқан орталыққа барып, қызымның ақшасын табыстадық. Сол жерде бір жігіт қызыңыз кіп-кішкентай болса да, өте мейірімді екен деп, видеоға түсіріп алуына рұқсат сұрады. Осылайша қызымның тілегін орындап, ақшасын бердік те, құлсарылықтарға игі тілегімізді айтып, үйімізге кетіп қалдық. Қазақстанға танымал болып кетеміз деген ой мүлде болмады. Қызым тек өз мейірімін өзі сияқты балаларға көрсеткісі келді, - дейді ана.

Алты балалы отбасы жалдамалы пәтерде тұрады

Жалдамалы пәтерде тұрсам да, маған ұлым мен 5 қызымның аман болғаны жетеді. Әлеуметтік желілерде пікірлерді қарасақ, барлығы «қандай тәрбиелі» деп жазып жатыр екен. Бұл үйдегі әкесі мен әжесінің берген тәрбиесі деп ойлаймын, - дейді Гүлшат Ерғондиева.

Ол қазір балаларға көп көңіл бөлу керегін айтады.

Ата-аналар балаларына мейірімін көбірек бөлуі қажет. Балаға қай кезде болмасын басыңдағы қиындықты, жоқшылықты білдірмеуге тырысу керек. Мен балаларыма әкесі екеуіміз сондай ата-ана бола білдік деп ойлаймын. Өйткені, мен де, әкесі де жалдамалы, қара жұмыс істейміз. Сонда да балаларымызды өз қатарларынан кем қалдырмауға тырыстық. Аналық міндетімді жақсы атқарып келе жатырмын деп мақтанышпен айта аламын. «Ақша жоқ», «жалдамалы пәтерде тұрамыз», «керек емес» деп баланың бетін қақпау керек. Керісінше бәрі жақсы болатынына сену қажет. Қазір соның жемісін көріп отырмыз, - дейді кентаулық ана.

Оның айтуынша, балаға бар мейіріміңді төгіп, жанына жалау болып, әрдайым қасынан табылсаң, ұл-қызың өте тәрбиелі, білімді болып өседі.

«Көзіме жас алып, жылап аламын»

Ата-аналарға әрдайым баламен жұмыс істеуге кеңе беремін. Мәселе ақша қатысты емес, яғни мәселе ақшада емес. Адам мейірімді, жүрегі таза болса жеткілікті. Сондай-ақ ата-ана мен баланың арасында ең алдымен сенімділіктің болғаны абзал. Оған қоса, ата-ана әр баладан үміт күтуі керек. «Ұлым кім болады екен? Мына қызым кім болғысы келеді екен?» деп, балаға үміт пен сенім арту қажет, - дейді көпбалалы ана.

Ол бес қызымның мінезі бес түрлі екенін және барлығы да әртүрлі мамандық иесі болғылары келетінін жеткізді.

Мысалы, бір қызы мұғалім болғысы келеді, бір қызым журналист болуды армандайды. Ал Гауһарым дәрігер болғысы келеді. Қазір ауруханаға жиі жатып қалып жатқандықтан Гауһарыммен көп сырласамын. Қызым сөз арасында «Мама, мен дәрігер болғым келеді. Қазір жиі ауырып қалып жүрмін, сол себепті келешекте өзімді емдеймін, білімді болғым келеді. Елімізде осындай апаттар болғанда халыққа көмектескім келеді» дегенде көзіме жас алып, жылап аламын. Міне, әр баланың өз арманы болады. Сол арманға жету үшін ата-ана соған дайын болып, баласының жанынан табыла білуі керек, - деп есептейді Гүлшат Ерғондиева.

Көпбалалы ана өз тәжірибесін айта келе, ата-ана балаларымен сырлас, дос болып, өз-өздеріне сенімдерін арттыра білуі қажет екенін қоса кетті.

Біздің әулетімізде әкенің орны айрықша. Әкемізді әрдайым бірінші орынға қоямыз. Балаларыма да осыны айтып отырамын. Ұл-қыздарыма әкелерін сыйлап, алдынан кеспеу керегін айтып, тәрбие беремін. Әкемізді мақтан тұтамыз. Әкеміз қыздарымен сырлас дос. Балаларымыз ешқашан ауырмасын! Ананы баламен сынамасын. Балаларымыздың биікке самғауына, білімді, тәрбиелі, мейірімді азамат болып өсуіне ең алдымен біз – ата-аналар жауаптымыз. Қазір балаларына мейірім төгетін ата-аналар аз. Себебі қу тіршілік деп, көп ата-ана бала-шағасына жеткілікті деңгейде көңіл бөле бермейді. Ең бастысы - балаға көбірек көңіл бөлу керегін әрдайым есте ұстау керек, - деп сөзін қорытындылады кентаулық ана Гүлшат Ерғондиева.

Бұл Гауһардың құлсарылықтарға жазған хатының суреті.

Кентаулық оқушы Гаухардың сәлемдемесін ризашылықпен қабылдаған құлсарылықтар, оның жіберген ақшасын жұмсамай, қаладғы музейде сақтайды. Гауһар сияқты кішкентай қыздарымыздың игі ісі басқа да азаматтарымызға үлгі болып, мейірімділіктің символы болып қала бермек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы