Жүрегі оң жақта орналасқан: Астаналық дәрігерлер әйелге күрделі ота жасады
Маманның айтуынша, мұндай анатомиялық ерекшелігі бар науқасқа операция жасау оның тәжірибесінде алғаш рет кездескен.
Астанадағы №2 көпбейінді қалалық аурухананың хирургтері ішкі ағзалары қалыптан тыс орналасқан әйелдің жүрегіне күрделі операция жасады. Сирек анатомиялық ерекшелігі бар науқасқа ота босанғаннан кейін шамамен 40 күн өткен соң жасалды, деп хабарлайды елорда әкімдігі.
Күлжан Фазылованың жүрегіне қатысты мәселе жүктілік кезінде анықталған. Медициналық тексеру барысында оның жүрегі әдеттегідей сол жақта емес, оң жақта орналасқаны белгілі болды. Қыркүйек айында жүктіліктің 30-аптасында дәрігерлер медициналық көрсетілімдерге байланысты кесарь тілігін жасаған.
Босанғаннан кейін әйелдің жүрек қақпақшаларының бірі қатты тарылғаны анықталып, қан айналымына кедергі келтірген. Осыған байланысты дәрігерлер зақымданған митральды қақпақшаны биологиялық протезбен алмастыру туралы шешім қабылдады.
Үш сағатқа созылған операцияны жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Алексей Смоленский бастаған мамандар тобы жүргізді. Ота алдында дәрігерлер компьютерлік томография арқылы жүректің анатомиялық құрылымы мен негізгі қан тамырларының орналасуын мұқият зерттеген.
Маманның айтуынша, мұндай анатомиялық ерекшелігі бар науқасқа операция жасау оның тәжірибесінде алғаш рет кездескен. Ота сәтті өтіп, кейінгі тексерулер жүректің қалыпты жиырылатынын және орнатылған протездің дұрыс жұмыс істеп тұрғанын көрсеткен.
Қазір науқас ем қабылдап, қалпына келу кезеңінен өтті. Жақын арада ауруханадан шығарылып, сәбиі мен отбасына оралмақ.