Жүнісов: Фермерлер жалдау мерзімін ұзарту кезінде жерінің бір бөлігін жоғалтуы мүмкін
Сенатор Талғат Жүнісов өзінің депутаттық сауалында жер учаскелерін пайдалануды құқықтық реттеудегі проблемалар туралы жария етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Депутат бірнеше жыл бұрын фермерлерге жер тапшылығын шешу үшін шаруаларға жалға алуға болатын жер учаскелерінің барынша үлкен көлемі белгіленгенін атап өтті. Алайда, бұл ережелер қазіргі кезде жер көлемі белгіленген шектен асатын адал жер пайдаланушыларға кері әсерін тигізуде. Олар көптеген жылдар бойы жерді ретімен адал пайдаланды, жердің құнарлылығын сақтауға қаржы салды, бірақ енді іс жүзінде жалдау құқығын ұзарта алмай отыр.
Жер учаскелерінің шекті мөлшері туралы талап Үкіметтің осы шешіміне дейін жер аумағына иелік еткен адал жер пайдаланушыларға қолданылмауға тиіс. Жерді ұзақ мерзімге жалға алуды ұзарту барысында белгіленген шекті мөлшерден асатын жер учаскелерінің бір бөлігін алып қоймай жүзеге асуы тиіс. Астық өндірушілердің өндірістік шығындары, сондай-ақ олардың материалдық-техникалық базасын қалыптастыру және жаңарту жедел басқарудағы жер учаскелерінің алаңына негізделеді. Қазіргі кездегі кедергілерді уақтылы жою, атап айтқанда Үкіметтің қолданыстағы қаулысына тиісті толықтыру енгізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беру аса маңызды, - деді Талғат Жүнісов.