Жүн өңдеп, 10 млн теңге табыс тауып отыр
Шағын және орта бизнес форумына Маңғыстау облысы, Құрық елдімекенінен "Бір ауыл – бір өнім" жобасының қатысушысы Жаңагүл Жапарова келді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ауылда керексіз болып, далада шашылып, өртеніп жатқан қой мен түйе жүні мені қатты алаңдатты. "Неге осыны кәдеге жаратпасқа?" деген оймен жүннен жасалатын өнім шығару идеясын қолға алдым, - дейді ол.
Сол кезде Жаңагүл Жапарова "Бір ауыл – бір өнім" жобасы туралы естіп, 2022 жылы ол жоба Құрық ауылында пилоттық жоба ретінде іске қосылды.
"Атамекен" палатасының арқасында мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, соңғы екі жылда жалпы құны 15 млн теңгеден асатын түрлі грантқа, демеушілер қолдауына ие болдық, - деді Жапарова.
Ол жұмыссыз әйелдерге арналған жүн өңдейтін шағын кәсіпорынды толыққанды цехқа айналдырып, екі жылда пайданы 18 есеге арттырған. Қазір түйе мен қой жүнінен түрлі өнімдер шығарады.
2 жылда кіріс көлемі 18 есе артты. 2022 жылы 582 мың теңге табыс түсіріп едік, биыл 10 млн-нан асты. Қазіргі таңда 33 адамды жұмыспен қамтып отырған жайым бар, - деді ол.