Жұмысын тиімсіз атқарған мемқызметшілердің лауазымы төмендетіледі

Биыл наурыз айында елімізде «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер мемлекеттік қызметшілерге қаншалықты тиімді және қандай мүмкіндіктер беріп отыр? Осы жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Талант Медетпен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өткен жылдың аяғында аталған заңға өзгерістер енгізгені белгілі. Онда мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасуда бірқатар кедергілерді жою, қызметтен шығу тәртібін жеңілдетудің ерекше тәсілдері айтылған болатын. Алдымен осы артықшылықтарға тоқталып өтсеңіз.

Мемлекеттік қызмет — бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты көрсеткіші. Бүгінде елімізде осы осы жүйені қазіргі заманға сай жетілдіру қажеттігі туып отыр. Ол үшін мұны заң аясында реттеу өте маңызды. Осы орайда Мемлекет басшысының қойған міндеттерін орындау мақсатында өткен жылдың аяғында «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын.

Жалпы, республикамызда, оның ішінде Ақтөбе облысында мемлекеттік кадр саясатын қалып­тастыру, халықтың мемле­кет­тік қызмет түрлеріне қолжетімділігін арттыр­у бағы­тында­ игі бастамалар әрдайым жүзеге асырылып келеді. Бұл тұрғыда біздің департамент нәтижелі жұмыс жасауда. Енді Заңға енген өзгерістерге келсек, Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасуда қызметшілер үшін артық кедергілерді жою және олардың осы саладағы қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес жаңа тәсілдер әзірленген болатын. Атап айтсақ, біріншіден, алдағы уақытта өңірдегі қызметшілер мемлекеттік басқару академиясын аяқтаса, бір жыл ішінде жергілікті органдардың жекелеген лауазымдарына конкурстық іріктеусіз жұмысқа орналаса алады. Екіншіден, мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетіп, грантпен оқыған қызметшілер облыс аудандарында, оның ішінде елді мекендерде төменгі лауазымды орындарға конкурстық іріктеусіз тағайындала алады. Үшіншіден, мемлекеттік қызмет саласының «Б» корпусындағы жоғары лауазымдарға уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл өз ісінде кәсіби жағынан піскен, қызметіне аса жауапкершілікпен қарайтын азаматтарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік деуге болады. Жалпы қазіргі заманда қай салада болмасын өз ісіне жауапты, білікті, алғыр мамандарға берілетін мүмкіндік мол. Төртіншіден, биылғы жылдан бастап өз жұмысына жауапкершілікпен қарамаған, екі тоқсан бойы өз жұмысын тиімсіз атқарған қызметшілердің ендігі жерде лауазымы төмендетіледі. Егер өңірлерде төменгі лауазымда бос орын болмаса, ол маман тіпті қызметтен шығарылуы да мүмкін. Бұл әдіс өз жұмысын тиісті деңгейде орындамайтын мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді. Соңғысы, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 17-бабының 4-тармағына сәйкес биылғы жылдан бастап «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары уәкілетті органдармен өзара келісім арқылы бекіту нормасы енгізіліп отыр. Міне, осы аталған жаңашылдықтарға сәйкес қазір Ақтөбе облысындағы мемлекеттік қызметшілер қарқынды жқмыс жасап жатыр. Бүгінде біздің облысымызда жергілікті атқарушы органдарда 2200-ден астам қызметші болса, орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінде 1640-тан астам маман жұмыс істеп жүр. Биылғы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша қазір облыста мемлекеттік органдарда 158 тұрақты, 100 уақытша бос орын бар. Жалпы бүгінде облыстағы қызметшілердің 59,4 пайызы әйелдердің үлесінде болса, 40,6 пайызы — ер адамдар. Бұл әйел адамдардың осы саланы жыл сайын мейлінше көп таңдап жатқандығын білдіреді. Ал жас ерекшелігіне келсек, жоғары атап өткен 4 мыңға жуық қызметшінің ішінде 38,8 пайызы 30-39 жас аралығындағы азаматтар болса, 23,1 пайызы — 40-49 жастағылар. Сондай-ақ қалған бөлігін 23-29 және 50 жастан жоғары азаматтар иеленіп отыр. Осы жерде айта кету керек, облыста мемлекеттік органдарда еңбек етіп жүрген қызметшілердің ішінде 18 адам Мемлекеттік басқару академиясының түлегі болса, 2 маман «Болашақ» бағдарламасын бітіріп келген. Бұл да өңірдің осы саладағы жетістігі.

— Енді 20 наурыздағы жаңа заңға енген өзгерістерге тоқталсаңыз. Бұл жаңашылдықтар мемлекеттік қызметшілерге қандай мүмкіндік береді? Тиімді жағы қандай? Немесе осал тұстары бар ма?

Биылғы жылдың 20 наурызында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметті жетілдіру туралы заң қабылдады. Заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілер ротацияланса, оларға төлем төленетін болды. Өздеріңізге белгілі, 2016 жылы елімізде мемлекеттік қызметшілердің ротациясы енгізілген болатын. Соның нәтижесінде 6-7 жылдың ішінде басқа өңірге барып абыройлы еңбек етіп жүрген мамандар қатары көбейді. Жалпы ротация енгізу бұл мамандардың бір орында немесе бір облыста отырмай, республиканың басқа аймақтарына барып қызмет етуіне мүмкіндік береді. Бұл да осы саланы жетілдірудің көрінісі деуге болады. Екінші жағынан, бұл елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға серпін береді. Айта кету керек, бұл орайда осы жылдар ішінде өңірде 130 мемлекеттік қызметші ротацияланған болатын. Сондай-ақ бұл жерде қызметшіге қызметтік пәтер берілу мәселесі де қарастырылып отыр. Бұған дейін мамандар барған жерінде пәтер жалдап келсе, енді заңға сәйкес оларға тұрғын үй беруі керек. Егер мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда оларға ротациялық төлем төленеді. Бұл да қызметшілерге, әсіресе, отбасылы адамдарға үлкен қолдау. Тағы бір енгізілген өзгеріс — мемлекеттік қызмет саласында онлайн немесе қашықтан жұмыс істеу тәсілі. Бұл тәжірибе бұған дейін де біздің салада болды. Алайда сәл басқаша. Яғни қызметшілерге икемді жұмыс кестесі жасақталды. Бұл бала тәрбиелеп отырған бірқатар мамандарға жасалған қамқорлық. Ал жаңа заңға сәйкес ендігі жерде мемлекеттік қызметте бұл мәселе нақты және егжей-тегжейлі реттелетін болды. Бұл бағыттағы нақты шаралар агенттіктің арнайы бұйрығымен жүзеге асырылатын болады. Үшіншіден, Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің еңбек ету тәртібіне өзгерту енгізіліп отыр. Нақтырақ айтсақ, бұрын академияға оқуға түскен мемлекеттік органның қызметшісі оқудан кейін міндетті түрде сол органда жұмыс өтеуі тиіс болған болса, енді бұл талап алынып тасталды. Төртіншіден, мемлекеттік органдарда басшылар мен орындаушылар санын реттеу бекітілді. Яғни, заңға сәйкес алдағы уақытта мемлекеттік органдарда басшылардың саны мен жұмысшылар саны реттеліп, бұйрықты орындайтын қызметшілердің саны басшылардан басымырақ болуына назар аударылатын болады.

Сондай-ақ жаңашылдықтарға сәйкес келісімшарттық қызметшілер институты енгізілетін болады.

— Соңғы кезде елімізде көптеген жаңа реформалар жүргізіліп жатыр. Осы орайда реформалардың оңтайлы жүзеге асуы үшін мем­лекеттік қызметшілерге деген халықтың сенімі артуы керек. Бұл тұрғыда мемлекеттік қызметшілер тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Біз әрдайым мемлекеттік қызметшілердің өз жұмысын сапалы, тиянақты, сауатты және жауапкершілікпен атқаруына ерекше назар аударамыз. Өңірімізде бұл тұрғыда ешқандай мәселе жоқ. Дегенмен қызметте бірқатар олқылықтар болуы заңдылық. Барлық дүние бірден тақтайдай тегіс болып кетпейтіні сияқты мемлекеттік қызмешілер де кейде қателесіп жатады. Бұл орайда біз қызметшілердің халыққа сапалы қызмет көрсетуі үшін түрлі бағытта тиісті тексеру шараларын жүргізіп отырамыз. Заң бұзған қызметшілер болса, олар жазаланады. Заң бұзушылықтар анықталса, оларды жою бойынша ұсыныстар енгіземіз. Бір қуантарлығы, жылдан-жылға мемлекеттік қызметшілер тарапынан құқық бұзушылықтарға жол беру деректері азайып келеді. Мәселен, былтыр облыста тәртіптік жауапкершілікке тартылған қызметшілер саны 18 пайызға азайса, теріс қылық көрсеткендер саны үш есеге кеміген.

Департамент тарапынан мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, үздік мамандарды ынталандыру, оларға жағдай жасау бағытында бүгінде көптеген бастамалар жүзеге асырылуда. Соның бірі — Президенттік жастар кадр резервіне азаматтарды кезекті іріктеу. Бұл бағытта облыста біз тиісті жұмыстар атқаратын боламыз. Мәселен, биыл осы салада резервшілердің салалық топ­тарын қайта қарастыру көзделіп отыр.

Сондай-ақ өңірлік жастар кадр резервін құру да жоспарда бар. Бұл іріктеуге жасы 35-тен аспай­тын, жоғары білімі, кемінде үш жыл еңбек өтілі бар жастар қа­тысатын болады. Бұл резервті өңірдегі жастарға жасалған «әлеуметтік лифт» деп түсінгеніміз жөн. Бұған дейін Ақтөбе облысында 13 маман Президенттік жастар кадр резерві қатарына алынып, оның ішінде 12-сі жақсы лауазымдарға орналасқан болатын. Қазіргі кезде осы өңірлік резервке қа­тысты тү­зетулерді заңға енгізу мәселелері пысықталуда. Сондай-ақ биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап агенттік мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін қызметшілердің жұмыс кестесін заңсыз бұзу туралы әкімшілік істерді қарайтын болды.

— Енді департаменттің жетістіктеріне ойыссақ. Биыл облыста қанша мемлекеттік қызметші меритократия қағидаты бойынша жоғары лауазымға тағайындалды? Қанша қызметші жұмысқа алынды?

Жоғарыда атап өткендей, қазір Ақтөбе облысында 3930 мемлекеттік қызметші жұмыс істесе, соның 91,3 пайызы — жоғары білімді, 23,1 пайызының екі жоғары білімі, 2,1 пайызының шетелдік білімі бар.

Облыстағы мемлекеттік органдарда Мемлекеттік басқару академиясының 18 түлегі және «Болашақ» бағдарламасының 2 түлегі қызмет атқарады. Биыл жыл басынан бастап бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға 172 конкурс өткізіліп, оларға 290 кандидат қатысты. Яғни, бір орынға 1,3 адамнан келді. 109 адам жеңімпаз болды. Биыл өңірдегі жергілікті атқарушы органдарда меритократия қағидаты негізінде 14 қызметші жоғары лауазымдарға тағайындалды. Жалпы облысымызда мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасу кезінде 312 адам жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуден өтті. Оның ішінде 230-ы немесе 73,7 пайызы шекті мәннен жоғары нәтижеге қол жеткізді. Одан бөлек, жыл басында «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға 646 үміткер тестілеуден өтіп, оның 173-і немесе 26,8 пайызы шекті ұпай жинады. 570 кандидат құқық қорғау қызметіне алғаш кіретін тестілеуден өтіп, оның 266-сы жоғары балл алды. Сонымен қатар 44 маман сынақ мерзімімен жұмысқа орналасып, оларға осы салада тәжірибесі бар, білікті мамандардан тәлімгерлер бекітілді. Жалпы облысымызда қызметшілердің білімі, өздерін ұстау мәдениеті, тұрғындармен қарым-қатынас жасау этикасы, еңбекке деген ынта-ниеті жоғары. Соның арқасында көптеген мамандарымыз былтыр да, биыл да бірқатар марапаттарға, сый-құрметке ие болды. Ендігі кезекте биылғы жоспар бойынша жылдың үздік мемлекеттік қызметшілері кәсіби мерекемізде арнайы марапатталатын болады.

— Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті
Өзгелердің жаңалығы