Жұмысты "харам" санайтындар спорт саласында нәпақа тауып жүр
Дінтанушы Кеңшілік Тышқан спорт саласын жат ағым өкілдерінен қорғау керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Халықтың арасындағы діннің көріністері мен талас-тартыстарының арасында жүргендіктен бұл салада да күрделі мәселелер бар. Оның үстіне көптеген сұрақ та қойылып жатады. Осы орайда Мемлекет басшысы бірнеше мәселелерді көтеріпті. Демек, саладағы мәселелерден президент хабардар деген сөз. "Құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева және Олжас Сүлеймен жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанын айтты" деді Президент. Расында да ел намысын қорғайтын спорттың көптеген түрлері бойынша діннің дәстүрлі емес бағыты өкілдерінің ықпалы байқалады, - дейді теолог.
Себебі мемлекеттік жүйеде жұмысты "харам" санайтын діншілдер жеке кәсіп немесе спорт саласында нәпақа табуды дұрыс деп санайды деп топшылады дінтанушы.
Әрі "Мықты мұсылман әлсіз мұсылманнан қайырлы" деген пайғамбар сөзін негізге алатын болар спортта әсіресе күрес саласында көптеп кездеседі. Алда-жалда қақтығыс бола қалса да спортта жүргендердің ағымға пайдасы көбірек тиері сөзсіз. Сондықтан саланы мұқият қадағалау қажет-ақ. Жеке спорт үйірмелерінде жаттықтырушы болып жүргендер қол астындағы балаларға діни көзқарастарын тықпаламайды деуге болмайды, - деді ол.