11 Тамыз 2026, 10:48 Фото: primeminister.kz

Жұмысты енді адам емес, жұмыс адамды өзі табады – Еңбекмині

Жаңа цифрлық жүйе жұмыс іздеп жүрген азаматтарға лайықты бос орындарды өзі ұсынып, оларды тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдейді.

Қазақстанда цифрлық жұмыспен қамту қызметі енгізіліп жатыр. Жаңа жүйе азаматтарға лайықты бос жұмыс орындарын өздігінен ұсынып, қажет болған жағдайда оқыту, қайта даярлау және қоныс аудару мүмкіндіктерін де ұсынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында айтты.

Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?

Министрдің айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі цифрлық жұмыспен қамту қызметін енгізіп жатыр. Оның негізгі мақсаты – жұмыспен қамтуды проактивті қамтамасыз етуге көшу.

Министрлік цифрлық жұмыспен қамту қызметін енгізіп жатыр. Мақсаты – жұмыспен қамтуды проактивті қамтамасыз етуге көшу. Жаңа модельдің негізгі қағидаты: жұмысты адам іздемейді, жұмыс адамды өзі табады, – деді Асқарбек Ертаев.

Бұған дейін азаматтар порталдан бос жұмыс орындарын өз бетінше іздеп, қажет болған жағдайда мансап орталығына барған.

Енді бұл процесте жүйе жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне қарай жұмысқа мұқтаж азаматтарды өзі анықтайды.

Бұған дейін азамат порталдан бос жұмыс орындарын өз бетінше іздеп, мансап орталығына барған болатын. Енді жүйе жұмыс берушілердің қажеттіліктері бойынша жұмысқа мұқтаж азаматтарды өзі анықтайды, – деді министр.

Азаматтарға SMS арқылы хабарлама жіберіледі

Жүйе жұмысқа мұқтаж азаматтарды анықтағаннан кейін оларға тиісті ұсыныстар жібереді.

Содан кейін оларға eGov және Enbek.kz мобильді қосымшалары арқылы немесе 1414 нөмірінен SMS түрінде тиісті хабарламалар жібереді, – деді Асқарбек Ертаев.

Жасанды интеллект жұмыс орнын өзі іріктейді

Жаңа цифрлық жұмыспен қамту қызметінде жасанды интеллект те қолданылады.

Министрдің айтуынша, ЖИ азаматқа тек өзі тұратын өңірдегі емес, басқа өңірлердегі де лайықты бос жұмыс орындарын ұсына алады.

Жасанды интеллект өңір ішінде де, одан тыс жерде де, соның ішінде жұмысшы кәсіптері бойынша дербестендірілген бос жұмыс орындарын іріктейді, – деді ол.

Жүйе азаматтарға оқыту курсынан өту, қайта даярлану және қоныс аудару мүмкіндіктерін де ұсынады.

Сонымен қатар азаматтарға оқыту курсынан өту, қайта даярлау, қоныс аудару мүмкіндіктерін ұсынады. Нәтижесінде азаматқа тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу көрсетіледі, – деді министр.

Цифрлық жұмыспен қамту сервисі шілде айында Павлодар облысында енгізілді.

Шілде айында сервис Павлодар облысында енгізілді. Жұмысқа орналастыру бойынша 39 мың SMS-хабарлама жіберілді. Бұл кезеңде өңірде 962 адам жұмысқа орналасты, – деді Асқарбек Ертаев.

Жаңа сервисті қыркүйек айында Маңғыстау облысында енгізу жоспарланып отыр.

Ал жылдың соңына дейін сервис еліміздің барлық 20 өңіріне ауқымды түрде енгізіледі.

Цифрлық жұмыспен қамту жүйесіне ұқсас сервис азаматтарға Aitu мобильді қосымшасы арқылы да қолжетімді болады.

Осыған ұқсас, жүйе азаматтарға Aitu мобильді қосымшасы арқылы да қолжетімді болады. ЖИ-көмекші лайықты бос жұмыс орындары мен оқыту курстарын іріктеп береді, – деді министр.