Бүгiн 2026, 13:09 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Жұмыстан заңсыз шығарылғандарға жаңа мүмкіндік: Конституциялық сот шешім қабылдады

Кейбір еңбек даулары бойынша сотқа жүгіну тәртібі өзгереді. Конституциялық сот қандай нормаларды Конституцияға қайшы деп таныды?

Қазақстан Республикасының Конституциялық соты Еңбек кодексі мен Азаматтық процестік кодекстің бірқатар нормаларын Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды. Соттың пайымынша, бұл нормалар азаматтардың сот арқылы тиімді қорғалу құқығын шектеп келген.

2026 жылғы 12 маусымдағы №88-НҚ нормативтік қаулы азаматтардың өтініштері негізінде қабылданды. Өтініштерде Еңбек кодексінің 160-бабы бесінші бөлігінің бірінші және екінші абзацтарының, сондай-ақ Азаматтық процестік кодекстің 455-бабының екінші және үшінші бөліктерінің Конституцияға сәйкестігіне күмән келтірілген.

Бірінші жағдайда азамат қызметтік тексеру материалдарының негізінде ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылған. Соттар құқық қорғау органдарындағы еңбек қатынастарының ерекшелігін ескермей, оның Еңбек кодексінде белгіленген сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алғанына сілтеме жасап, жұмысқа қайта алу туралы талабын қанағаттандырудан бас тартқан, - деп хабарлады Конституциялық сот.

Алайда кейін қылмыстық істі қарау барысында азаматтың қызметтік тәртіпті бұзбағаны анықталған. Соған қарамастан Азаматтық процестік кодекстің қолданыстағы нормалары оған жұмысқа қайта алу туралы сот шешімін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауды талап етуге мүмкіндік бермеген.

Екінші өтініште азамат Азаматтық процестік кодекстің осы нормалары бір-біріне қайшы келетін сот актілерінің қатар қолданылуына жол беріп, оның сот арқылы қорғалу құқығын шектейтінін көрсеткен. Азаматтық істі қараған сот мамандандырылған әкімшілік соттың шешімі қайта қарауға негіз бола алмайтынын айтып, талапты қанағаттандырудан бас тартқан.

Конституциялық сот тексеру барысында Азаматтық процестік кодекстің дау туғызған нормалары сот актілерін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қараудың жалпы қағидатын бұзатынын анықтады. Соның салдарынан азаматтар заңды күшіне енген басқа сот актісі бұрын қабылданған шешімнің негізіне алынған мән-жайларды теріске шығарған жағдайда да өз құқықтарын қорғай алмай отырған.

Сот сондай-ақ Еңбек кодексі мен Азаматтық процестік кодекстің дау туғызған ережелері азаматтардың Конституциямен кепілдік берілген сот арқылы тиімді қорғалу құқығын шектейтінін атап өтті.

Осыған байланысты Конституциялық сот аталған нормаларды Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды.

Қаулыға сәйкес, еңбек заңнамасына тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін жеке еңбек дауларын қарау бойынша келісу комиссиясына жүгінбей-ақ сотқа талап қоюға құқығы бар еңбек қатынастарына қатысушылар үшін сотқа жүгінудің бір жылдық мерзімі қолданылады.

Сонымен бірге заңнамаға өзгерістер енгізілгенге дейін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайларға байланысты азаматтық істер бойынша сот шешімдерін қайта қарау кезінде Азаматтық процестік кодекстің 455-бабының бірінші бөлігіндегі норма басшылыққа алынуға тиіс. Яғни бұрын сотқа белгісіз болған әрі істі дұрыс шешу үшін айтарлықтай маңызы бар заңды фактілер сот шешімін қайта қарауға негіз болады, - деп түсіндірді Конституциялық сот.

Конституциялық соттың бұл шешімі еңбек дауларын қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ сот тәжірибесіндегі құқықтық қайшылықтарды жоюға бағытталған.

Тағы оқи отырыңыз: Енді әріптесіңіздің орнына жұмысын істесеңіз қосымша ақша төленеді: Еңбек кодексіндегі өзгерістер