Жұмыстан заңсыз шығарылған қызметкердің құқығы қорғалды

️Талап қоюшы АҚ филиалының өнеркәсіптік бақылау, еңбек және қоршаған ортаны қорғау қызметінің басшысы қызметінен босатылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жұмысты іс жүзінде орындамаған мердігердің орындалғаны туралы актісіне қол қоюына байланысты сенімін жоғалтқаны оған негіз болған.

Қызметтік тексеруде мердігермен жасалған шарт бойынша жұмыстар іс жүзінде орындалмаған, бірақ жұмыстың орындалғаны туралы актіге филиалдың бас инженері мен директорының қолдары қойылғаны анықталған. Комиссия қызметкер шарттың орындалуына тиісті бақылауды жүзеге асырмаған деген қорытындыға келген.

Талап қоюшы сотқа жүгінген кезде жұмысын қалпына келтіруді сұраған.

Жергілікті соттар талап қоюшының еңбек демалысынан келгеннен кейін мердігердің жұмысын дұрыс қадағаламаған деп есептеп, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған. Соттар қызметкерді жұмыстан шығаруда АҚ заңнамасының бұзылуын қарамаған.

Жоғарғы сот істі қарай отырып, талап қоюшы сенімін жоғалту негізінде еңбек шартын бұзуға болатын қызметкерлер санатына жатпайды деген қорытындыға келді (Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағы 13) тармақшасы). Қызметтік өкілеттіктері мен міндеттеріне сәйкес талап қоюшы ақшалай немесе тауарлық активтермен айналысатын және ақшалай операцияларға тікелей рұқсаты бар қызметкер болып табылмаған. Оның үстіне, орындалған жұмыс актісі жасалып жатқан кезде талап қоюшы еңбек демалысында болып, актіге қол қоймаған, - делінген ақпаратта.

Осылайша, талап қоюшы өзінің қызметтік жағдайын жұмыс берушінің мүдделеріне қайшы келетін жеке немесе басқа адамдардың мүдделері үшін пайдаланғаны туралы дәлелдер анықталмады.

Жоғарғы сот іс бойынша шығарылған сот актілерінің күшін жойды: жұмыстан шығару заңсыз деп танылып, талап қоюшының жұмысы қалпына келтірілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы