27 Қазан 2026, 10:41 Фото: Жасанды интеллект

Жұмыста дұрыс тамақтану мен үзіліс жасау не үшін маңызды? – маман түсіндірді

Түскі асты асығыс ішу, компьютер алдында сағаттап отыру, үзілісті кейінге қалдыру, жұмыстағы күйзелісті үйге ала бару. Көпшілікке таныс бұл әдеттер уақыт өте денсаулыққа әсер етуі мүмкін. Астана қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаева жұмыс орнында аурулардың алдын алу үшін қандай дағдыларға мән беру керегін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Күннің едәуір бөлігі жұмыста өтетіндіктен, аурулардың алдын алу шаралары еңбек ортасында да жалғасуы керек. Бұл кеңседе отыратын маманға да, өндірісте немесе ауысыммен жұмыс істейтін қызметкерге де қатысты.

Түскі үзілісті кейінге қалдырмаңыз

Жұмыс көбейгенде түскі астың орнына тәтті шай мен тоқашты қанағат тұтатындар аз емес. Сондықтан тамақтануды алдын ала жоспарлау пайдалы. Үйден құнарлы ас әкелу, асханада көкөнісі бар тағамды таңдау, тәтті сусынның орнына су ішу, тағамға қосымша тұз қосуды азайту – күнделікті ұстануға болатын әдеттер.

Кәсіпорын тарапынан қауіпсіз ауызсудың қолжетімді болуы, тамақтануға арналған таза орын мен жеткілікті үзіліс қарастырылуы қажет. Асхана мәзірінде көкөністердің, тұтас дәнді өнімдердің және құнарлы тағамдардың болуы қызметкерлердің дұрыс таңдау жасауын жеңілдетеді,- деді дәрігер.

Темекі түтінінен таза орта қалыптастыру мен темекіден бас тартқысы келетін адамдарға қолдау көрсету де профилактиканың маңызды бөлігі.

Қозғалысты жұмыс күнінің бір бөлігіне айналдырыңыз

Дене белсенділігі үшін міндетті түрде спортзалға бару қажет емес. Отырып жұмыс істейтін адамға үзілісте орнынан тұру, аздап жүру, түскі уақытта серуендеу сияқты қарапайым әрекеттерден бастауға болады. Жұмыс жағдайы мен денсаулық мүмкіндік берсе, жолдың бір бөлігін жаяу жүру де пайдалы әдетке айналады.

ДДҰ ересектерге аптасына кемінде 150-300 минут орташа қарқындағы дене белсенділігін ұсынады. Мысалы, ширақ жүру осыған жатады. Қимылды біртіндеп көбейтіп, жүктемені денсаулық жағдайына бейімдеген дұрыс.

Бұл бағытта жұмыс берушінің қолдауы да маңызды. Қызметкерлерге қысқа үзіліс жасауға мүмкіндік беру, қауіпсіз серуендеу аймағын қарастыру, ұжымдық жаттығуларды ерікті түрде ұйымдастыру қозғалысты күнделікті дағдыға айналдыруға көмектеседі, – дейді ол.

Ұжымдағы қарым-қатынас та денсаулыққа әсер етеді

Шамадан тыс жүктеме, міндеттердің түсініксіздігі, тұрақты қысым және әріптестер тарапынан қолдаудың болмауы психикалық денсаулыққа қауіп төндіреді. Сондықтан жұмыстағы күйзелісті азайту тек адамның өзіне жүктелмеуі керек.

Міндеттерді нақты бөлу, жұмыс пен демалыс уақытын сақтау, қызметкердің пікірін тыңдау және құрметке негізделген қарым-қатынас орнату қажет.

Тексерілуді кейінге қалдырмаңыз

Денсаулықты бақылау үшін шағымның пайда болуын күтудің қажеті жоқ. Профилактикалық қарап-тексерулер мен тиісті скринингтер ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Қандай тексеру қажет екенін адамның жасына, денсаулық жағдайына және қауіп факторларына қарай медицина қызметкерімен нақтылаған дұрыс.

Қан қысымын бақылау, дәрігердің ұсынымы бойынша қандағы глюкоза мен холестерин деңгейін тексеру – денсаулыққа жауапкершілікпен қараудың бір бөлігі.

Кәсіпорында ұйымдастырылған “Денсаулық күні” қызметкерге кеңес алуға көмектесе алады. Дегенмен бір реттік акция тұрақты медициналық бақылауды алмастырмайды, – деді Айгүл Шағалтаева.