«Жұмыссыздық жәрдемақысы 400 мың теңге»: Қазақстанда қанша төлейді және қалай рәсімдеуге болады?

Әлеуметтік желілерде жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны рәсімдеп, ай сайын 400 000 теңгеге дейін алуға болатыны туралы жазбалар кеңінен тарауда. Осы қаншалықты рас және не істеу керек? Бұл туралы Tengrinews.kz жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы туралы жазбалар

Әлеуметтік желілерде жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға қатысты жазбалар легі пайда болды. Жазбада желі қолданушылары ай сайын жұмыссыздық бойынша 400 мың теңгеден астам жәрдемақы алып жатқанын айтып, өзгелерді де өтініш беруге шақыруда.

Достар, шынымен таңғалып отырмын. Бүкіл Threads жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға өтініш беріп жатқанын айтып жатыр. Ең қызығы - бұл расымен жұмыс істейді. Мен де өтініш бердім, 6 айға 422 мың теңгеден мақұлданды. Бұл заңды! Бар болғаны банк қосымшасын ашып, әлеуметтік аударымдарыңды тексересің. Егер бар болса - өтініш бересің, - деп жазады қазақстандық әйел.

Пікірлерде кейбірі бұл хабарламаларға сеніп, кеңес сұраса, енді біреулері ақпаратты жаңылыстыру деп есептейді.

Қазақстанда жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны қалай алуға болады?

Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына ғана тағайындалады. Бұл туралы «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ мәлім еткен.

Төлем тағайындаудың басты шарты – Әлеуметтік кодекстің 99-бабына сәйкес қатысушының мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуі. Әлеуметтік төлемді қорға әлеуметтік аударымдар жасалған жүйе қатысушылары ғана ала алады, – деп түсіндіреді қор өкілдері.

Қатысушының қорға кемінде 6 ай әлеуметтік аударымы болуы қажет. Сонымен қатар жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейінгі соңғы екі жылда қорға аударымдар тіркелуі тиіс. Бұл кезеңде үзілістер болса да, аударымдардың болғаны маңызды.

Егер мені жұмыстан шығарса не болады?

Жұмыстан босатылу себебі жәрдемақы алу құқығына әсер етпейді.

Қордан жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына жұмыстан босатылу себебіне қарамастан тағайындалады, – делінген жауапта.

Жәрдемақы мөлшері қалай есептеледі?

Әлеуметтік кодекстің 118-бабына сәйкес, жәрдемақы мөлшері жеке есептеледі және екі факторға байланысты:

  • соңғы екі жылдағы орташа айлық табысқа;
  • міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне.

Орташа айлық табыс жұмыссыз ретінде тіркелген айдың алдындағы соңғы 24 күнтізбелік айда МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар жасалған кірістердің жалпы сомасын 24-ке бөлу арқылы анықталады, – деп мәлімдеді қор.

Одан кейін бұл сома:

  • алмастыру коэффициентіне (барлық қатысушылар үшін 45 пайыз);
  • сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі коэффициентіне көбейтіледі.

Өтілге байланысты коэффициенттер:

  • 6–12 ай – 0,7
  • 12–24 ай – 0,75
  • 24–36 ай – 0,85
  • 36–48 ай – 0,9
  • 48–60 ай – 0,95
  • 60–72 ай – 1,0
  • 60 айдан көп – әрбір қосымша 12 ай үшін 1,0-ге 0,02 қосылады, бірақ ең көбі 1,3-тен аспайды.

Төлем мерзімі

Төлем мерзімі де жүйеге қатысу өтіліне байланысты белгіленеді:

  • 6–12 ай – 1 ай
  • 12–24 ай – 2 ай
  • 24–36 ай – 3 ай
  • 36–48 ай – 4 ай
  • 48–60 ай – 5 ай
  • 60 ай және одан көп – 6 ай

Айта кету керек, 6 ай – жәрдемақы төлеудің ең ұзақ мерзімі.

Қайтадан алуға бола ма?

Жәрдемақыны қайта алуға болады. Алайда бұрын алынған төлем айлары өтілден шегеріледі. Мысалы, егер сіз жәрдемақыны 6 ай алған болсаңыз, бұл кезең 72 ай өтіл ретінде есептеледі. Қайта төлем алу үшін жеткілікті жаңа өтіл жиналуы қажет.

Анықтама: Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер мемлекеттік бюджет есебінен емес, Қор активтері есебінен төленеді.

Жұмыссыздық бойынша жәрдемақының ең жоғары мөлшері

Әлеуметтік аударымдар есептелетін айлық табыс ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 7 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.

Анықтама: 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1 ЕТЖ – 85 мың теңге. Демек, төлемді есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс – 595 мың теңге.

Осылайша, ең жоғары әлеуметтік төлем 348 075 теңгені (595 000 × 0,45 × 1,3), ал ең төменгісі 26 775 теңгені (85 000 × 0,45 × 0,7) құрайды.

Қорытынды

Бұл әлеуметтік желілерде айтылып жүрген 422 мың теңге туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін білдіреді. Ай сайын алуға болатын ең жоғары сома – 348 075 теңге.

Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алу кезінде нені білу маңызды

Ең жиі жіберілетін қателік – жұмыссыз ретінде дер кезінде тіркелмеу.

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Жаныбековтің айтуынша, төлем мөлшерін есептеу нақты жұмыстан босатылған күнге емес, мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген күнге байланыстырылады.

Біз кірісті әлеуметтік тәуекел басталғанға дейінгі соңғы 24 ай бойынша есептейміз. Әлеуметтік тәуекел – мемлекет адамның жұмыссыз екенін ресми түрде мойындаған сәт. Ал бізде көбінесе адамдар жұмыстан шығып, өз бетімен жұмыс іздеп, екі-үш, тіпті төрт ай жүріп, содан кейін ғана есепке тұрады. Мұндай жағдайда, әрине, ол төлемнен ұтылады, – деді Жаныбеков.

Егер нақты жұмыстан босатылған күн мен жұмыссыз ретінде тіркелу аралығында бірнеше ай өтсе, төлем мөлшері азаяды.

Егер 24 айдың орнына, мысалы, 20 ай ғана есепке алынса, яғни жұмыстан шыққаннан кейін 4 айдан соң тіркелсе, төлем мөлшері төмен болады. Себебі бөлшектің алымы азаяды, ал бөлімі өзгермей – 24 ай болып қалады, – деп түсіндірді қор өкілі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алғандар саны 354,2 мың адамды құрады. Оның ішінде 311,9 мың азаматқа төлем дәл 2025 жылы тағайындалған. Жалпы төленген сома 130,4 млрд теңге болды.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы