Жұмыссыздық, АӘК алушылармен мәселе 100 пайыз шешілді - әкім
Ералы Тоғжанов Әйтеке би ауданының егіншілерімен ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Әйтеке би ауданына жұмыс сапары барысында ауданның ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары - «Алтынсарино», «Құмқұдық», «Комсомол» және «Бұлақ Агро» ЖШС басшыларымен кездесті.
Кездесу ауданның жетекші шаруашылықтарының бірі - «Комсомол» ЖШС ғимаратында өтті. Кәсіпорын 27 жыл бұрын құрылған, қазір мұнда 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Негізгі бағыты - егіншілік.
Шаруашылықта егістік, шабындық және жайылымдық жерлер бар. Айта кету керек, далалықта жұмыс істейтін жұмысшылар үшін жылжымалы асхана мен монша жұмыс істейді.
Аудан өмірінде ЖШС рөлі зор. Аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсетіп, мәдени және спорттық іс-шараларға демеушілік етуде.
Басқосу барысында ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері, оның ішінде көктемгі егіс жұмыстарының барысы, шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары, сондай-ақ ақбөкендердің өсімі талқыланды.
Ақбөкендерге қатысты қауіп бар. Әрине, нақты қолдауды көріп отырмыз, бірақ бұл мәселені түбегейлі, Үкімет деңгейінде шешу керек. Кеңес жылдары Ырғыз бен Қарабұтақта ақбөкен етін өңдейтін екі үлкен зауыт жұмыс істеді. Жануарлардың саны артып келеді. Сәйкесінше, аудандарға қауіп төндіруде. Көмек көрсетуіңізді сұраймыз, - деді «Құмқұдық» ЖШС директоры Александр Чемоданов.
Бұл мәселе қазір Ақтөбе өңірі ғана емес, басқа да аймақтар үшін өте өзекті. Бір жылдан астам уақыттан бері мәселе көтеріліп, Үкімет деңгейінде пысықталуда. Әрине, біздің басты міндетіміз - егінді сақтау, шешімі табылады деген ойдамын, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Өңірде биыл 669 мың гектардан астам жер шегірткелерге қарсы өңделеді. Қазірдің өзінде 217 мың га өңделді, жұмыс жалғасуда.
Облыс әкімі облыстық аумақтық инспекция басшылығына шегірткеден химиялық өңдеуге қатысты жұмыстардың барысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Өңір басшысы агроқұрылымдардың басшыларын «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруды қолдауға шақырды.
Біз көтерген өзекті мәселелеріңізді шешуге жәрдем береміз, ал сіздер халыққа көмектесулеріңіз керек. Тәңірберген және Ащылысай ауылдық округтерінде жобаны іске асыру барысында жұмыссыздық және АӘК алушылармен мәселе 100 пайыз шешілді, барлығы жобаның қатысушылары атанды. Сондықтан маңызды жобаға қосылып, шетте қалмауларыңызды сұраймын, - деді Ералы Тоғжанов.
Әйтеке би ауданында «Ауыл аманатына» 65 адам қатысуға ниет білдірген, 28 жоба құс шаруашылығы, 11-і өсімдік шаруашылығымен байланысты, 26 тұрғын шағын және орта бизнесті дамытуға ынталы. 45 жоба мақұлданды, 15 қатысушы шаруасын дөңгелетуде.
Солардың бірі - Аралтоғай ауылдық округінің тұрғыны Қыдырбек Ибрашев, ол жеңілдетілген қарыз қаражатына етті және жұмыртқа тұқымды 100 бас тауық, инкубатор аппаратын сатып алған. Ісін жаңадан бастаған кәсіпкер құс етінен жартылай фабрикаттар өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр.
Қыдырбек Ибрашев ауылдастарымен бірлесіп «Мансур и КА» ӘКК ашып, ағымдағы жылы 6 га жерге жеміс-жидек пен көкөніс екті. Жыл бойы көкөніс өсіретін жылыжай салуды жоспарлап отыр.
Жалпы, Әйтеке би ауданында ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда, мал басының өсімі байқалады: 60,6 мың бас - ІҚМ, 124 мың бас - ұсақ мал, 26,1 мың - жылқы бар, 7,5 млрд теңгеге өнім өндірілді, ауыл шаруашылығы саласына 577 млн теңге инвестиция салынды. Ауыл шаруашылығы техникасы паркі жаңартылуда.
Биылғы жылы көктемде 220 мың гектар жерге дән себілді. Оның ішінде 141,2 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар, 19 мың гектарға майлы дақылдар, 29,5 мың гектарға жем егілді.