Жұмыссыздық белең алып бара ма? Жұмыссыздар саны басым аймақтар анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыз халықтың саны 451,3 мың адам, өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға артық.
Жұмыссыздық деңгейі шамалы өсті деуге болады. Бір жыл ішінде 4,8%-дан 4,9%-ға дейін.
Алайда айта кету керек, 2020 жылғы «карантин» кезіндегі екінші және үшінші тоқсанда жұмыссыздық деңгейі тіпті 5%-ға жетіп, ал жұмыссыздар саны 454 мыңнан 455 мыңға дейін өскен еді.
Finprom.kz сайтының мәліметінше, өңірлер арасында 2021 жылдың бірінші тоқсанында халық арасында жұмыссыздық деңгейі Қарағанды облысында 4,5%-дан Түркістан облысы мен Алматы қаласында 5,2-ға дейін құбылып отырды.
Бір жыл бұрын Алматыда жұмыссыздық деңгейі 5,1%, Түркістан облысында 5% болған еді. Түркістан облысында жұмыссыз халықтың саны 2,3%-ға, яғни 42,6 мың адамға, Алматыда 3,4%-ға, яғни 53,2 мың адамға дейін өсті.
Ер адамдарға қарағанда жұмыссыз отырған әйелдер саны басым екен. Жұмыссыз ер адамдар - 4,4%, жұмыссыз әйелдер - 5,4%.
Бір жыл бұрын әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,3%, ерлер арасында 4,3% болған еді.
2021 жылдың бірінші тоқсанында қалалық және ауылдық жердегі тұрғындар арасындағы жұмыссыздық деңгейі теңесіп, 4,9% болды Бұл ретте, егер қалалық жерде көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өзгермесе, ауылдық жерде өскенін байқап отырмыз (бір жыл бұрын 4,7% болған).