12 Қазан 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Жұмыссыздарға төлем енді қалай беріледі? Қазаннан бастап не өзгерді?

1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмыс іздеп жүрген азаматтарға қызмет көрсету тәртібі кезең-кезеңімен өзгере бастады. Енді азаматқа жұмыссыз мәртебесі берілгенге дейін лайықты жұмыс іздеу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылды. Ал жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үш айға дейін қысқарады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаев BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – азаматтарды жұмысқа орналастыруға көрсетілетін көмекті нақты адамға бағыттап, оның сапасын арттыру.

Ең бастысы, көрсетілетін қолдау азаматтың іс жүзінде жұмысқа орналасуына бағытталады, – деді Эльдар Күзенбаев.

13 күн ішінде не өзгереді?

Бұған дейін азаматқа жұмыссыз мәртебесі берілгенге дейін лайықты жұмыс іздеу мерзімі 2 күн болса, енді бұл кезең 13 күнге дейін ұзартылды.

Осы уақытта мансап орталығының мамандары азаматтың еңбек тәжірибесін, дағдылары мен қажеттіліктерін егжей-тегжейлі анықтайды. Оның бейіні нақтыланып, лайықты бос жұмыс орындары іріктеледі және жұмыс берушілермен байланыс орнатылады.

Осылайша, азаматтың мансап орталығына жүгінуі жай ғана тіркеу рәсімі ретінде қаралмайды. Бұл азаматты жұмысқа орналастырғанға дейін сүйемелдеуді қамтитын толыққанды жұмысқа орналасу процесі болмақ.

Министрлік бұл тәсіл азаматтарға өзіне қажетті бағыт бойынша жеке кеңес алуға, лайықты бос жұмыс орындарымен танысуға, қажетті рәсімдерден өтуге және біліктілігіне, тәжірибесіне әрі кәсіби жоспарына сәйкес келетін жұмысты таңдауға көбірек мүмкіндік беретінін атап өтті.

Әлеуметтік төлем қашан үш аймен шектеледі?

Эльдар Күзенбаевтың айтуынша, 1 қазан – жұмыспен қамту қызметінің жұмысын жетілдіру кезеңі басталған күн. Ал әлеуметтік төлемнің төлену мерзіміне қатысты өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімі үш айға дейін болады. Бұған дейін мұндай төлем алты айға дейін төленетін.

Бұл ретте жаңа талап бұрын тағайындалған төлемдердің мерзімін кері қысқартпайды.

Яғни 2026 жылғы 31 желтоқсанда жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алып отырған азамат төлемді бұрын белгіленген мерзім аяқталғанға дейін алады.

Қазір қанша адам жұмысынан айырылуына байланысты төлем алды?

2026 жылдың қаңтар–тамыз айларының қорытындысы бойынша жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді 314 455 адам алды.

Оларға жалпы 100,8 млрд теңге төленді.

Әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 102 896 теңгені құрады. Ал ең жоғары мөлшері табысты алмастыру коэффициенті 45% қолданылған кезде 7 ең төменгі жалақы мөлшерінен есептелетін сомамен шектеледі.

Қазақстанда қанша жұмыссыз бар?

Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы II тоқсан бойынша соңғы деректеріне сәйкес, Қазақстанда 444,6 мың жұмыссыз бар. Жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады.

Өңірлер бөлінісінде ең жоғары жұмыссыздық деңгейі Маңғыстау облысында тіркелді – 5%.

Атырау, Жамбыл және Павлодар облыстарында бұл көрсеткіш 4,8%-ды құрады.

Министрлік өңірлердегі жұмыссыздықтың себептері әртүрлі екенін атап өтті.

Маңғыстау және Атырау облыстарында негізгі себептердің бірі – экономиканың мұнай-газ секторына біржақты бағытталуы және өндірістің автоматтандырылуы.

Мұнай саласындағы ірі жобалардың аяқталуына байланысты мердігер ұйымдарда жұмыс орындарының қысқаруы да еңбек нарығына әсер етеді. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың негізінен жоғары жалақы төленетін мұнай саласына орналасуға ұмтылуы, басқа салалардағы жұмыс орындарына сұраныстың төмен болуы да басты факторлардың бірі ретінде көрсетілген.

Ал Жамбыл облысында демографиялық өсімнің жоғары болуы еңбек нарығына қосылып жатқан жастар санының көп болуына әсер етеді. Бұған қоса, өңірде ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларындағы маусымдық жұмыстар басым.

Жұмыссыздықты азайту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыздықты азайту мақсатында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бірқатар белсенді шараларын жүзеге асырып жатыр.

Олардың қатарында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу және халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмысқа орналастыру үшін субсидияланатын жұмыс орындарын құру бар.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту азаматтарды жаңа мамандықтарға даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды қамтиды. Оқу ұзақтығы біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктерін ескере отырып, 6 айдан аспайды.

Кәсіптік оқыту техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда, білім беру қызметін жүзеге асыруға құқығы бар жұмыс берушілердің оқу орталықтарында немесе жұмыс берушінің өтінімі бойынша оның жұмыс орнында жүргізіледі.

Сондай-ақ сұранысқа ие кәсіптер тізбесі бойынша оқыту Электрондық еңбек биржасында – skills.enbek.kz платформасы арқылы жүргізіледі.

Кәсіпкерлік бастаманы қалай қолдайды?

Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға өтеусіз гранттар беру арқылы жүзеге асырылады.

Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жұмыссыздарды және жұмыспен қамтылған азаматтардың жекелеген санаттарын кәсіпкерлік дағдыларға, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалыптастыру қағидаттарына оқытуға, сондай-ақ олардың бизнес-жобаларын сүйемелдеуге бағытталған.

Оқыту skills.enbek.kz платформасында жүргізіледі. Онлайн курстың ұзақтығы оқу басталған сәттен бастап күнтізбелік 14 күннен аспайды.

Ал мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлап отырған халықтың әлеуметтік осал топтарына өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі.

Грант кімдерге беріледі?

Министрліктің мәліметінше, грант алушылардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алушылар, төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ мүгедектігі бар баланы немесе мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған адамдар бар.

Грант халықтың әлеуметтік осал топтарына жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аз болған жағдайда беріледі.

Грант бір рет беріледі және оны қажетті еңбек құралдарын, мүкәммалды, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, сондай-ақ жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған үй-жайды жалға алуға жұмсауға болады.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грант мөлшері 400 АЕК-ке дейін жетеді. Бұл шамамен 1 730 000 теңге.

Қандай субсидияланатын жұмыс орындары бар?

Қазіргі уақытта мансап орталықтары субсидияланатын жұмыс орындарының төрт түрін ұйымдастырады. Олар – қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, «Жастар практикасы» және «Күміс жас» жобасы.

Қоғамдық жұмыстар жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамту үшін ұйымдастырылады. Оның мерзімі 12 айдан аспайды. Бұл жұмыс түрі қызметкерден алдын ала кәсіби даярлықты талап етпейді және әлеуметтік пайдалы бағытқа ие.

Заңнамаға сәйкес, қоғамдық жұмыстарға қатысатын азаматтардың жалақысын жергілікті атқарушы органдар кемінде 24 АЕК мөлшерінде белгілейді.

Әлеуметтік жұмыс орнын жұмыс беруші жұмыссыздарды еңбекақысын субсидиялай отырып жұмысқа орналастыру үшін мансап орталығымен келісім бойынша құрады. Субсидияның ай сайынғы мөлшері белгіленген жалақының 35%-ын құрайды, бірақ 24 АЕК-тен аспайды.

Азаматтардың әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды.

«Жастар практикасы» кімдерге арналған?

«Жастар практикасы» техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарды соңғы 5 жыл ішінде аяқтаған және 29 жастан аспаған жұмыссыз түлектерге арналған.

Жастар практикасының ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жалақы бюджеттен төленеді. Қатысушыларға ай сайынғы субсидия мөлшері 30 АЕК құрайды. Бұл 129 750 теңге.

«Күміс жас» жобасы қалай жұмыс істейді?

«Күміс жас» жобасы 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға арналған.

Азаматтардың жобаға қатысу мерзімі 36 айдан аспайды. Осы уақыт аралығында қатысушылардың жалақысын мемлекет субсидиялайды.

Субсидиялардың ай сайынғы мөлшері жұмыстың бірінші жылында жалақының 70%-ын, бірақ 30 АЕК-тен аспайтын соманы; екінші жылы – жалақының 65%-ын, бірақ 30 АЕК-тен аспайтын соманы; үшінші жылы – жалақының 60%-ын, бірақ 30 АЕК-тен аспайтын соманы құрайды.

Бұл ретте салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып, экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда субсидия беріледі.

«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыссыздарды тұрақты жұмысқа орналастырады.