Жұмыссыз жастар жұмысты қалай таба алады
Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін көтеріп, Үкіметке сауал жолдаған еді. Премьер-министр Олжас Бектенов депутат көтерген мәселеге жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жигули Дайрабаев қалаға ағылып келіп жатқан ауыл жастарын жұмыспен қамту жəне олардың табыс табу мүмкіндіктерін қарастыру және “Joltap” жобасына қатысты мәселе көтерген болатын.
Үкіметтің берген жауабына сәйкес, Астана қаласының әкімдігі жобаны пилоттық режимде іске асырып жатыр. Негізгі мақсаты - Астана қаласының жұмыссыз және көшіп келген жастарын анықтау, практикалық дағдыларға оқыту, жұмысқа орналасуға және шағын бизнес ашуға көмек көрсету. Жоба демеушілік қаражат есебінен іске асырылып жатыр.
Бұл мақсатта адамдар көп жиналатын жерлерде демалыссыз жұмыс істейтін 11 “Баршаға мүмкіндік” модульді пункттері орнатылды және 4 оқыту класстары ашылды. Қазіргі уақытта модульді пункттерде 20 консультант кестеге сәйкес жұмыс істейді. Өтініш білдірген азаматтарға қызмет негізгі үш бағыт бойынша көрсетіледі, - делінген Бектеновтің ресми жауабында.
Бірінші. Тікелей жұмысқа орналастыру. Жұмысқа орналастыру кезінде серіктестермен жалақыны арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, мәселен, Magnum желісі еңбекақыны 115 мың теңгеден 215 мыңға дейін арттырды.
Екінші. Бірыңғай “Jumys tap” тelegram-боты іске қосылып, сол арқылы жұмысшы мамандықтар бойынша бос орындарға жұмысқа орналастыру. Онда қаланың жұмыс берушілерінің негізгі сервистік қызметтері (сауда, қоғамдық тамақтану, құрылыс, қызметтер т.б.) бойынша барлық өзекті бос орындары бар. Бұл жұмыс берушінің жұмыс іздеушімен делдалсыз тікелей байланысын қамтамасыз етеді. Қазір 7629 жұмыс іздеуші, 601 жұмыс беруші тіркелген, 1040 бос жұмыс орны орналастырылған.
Үшінші. Қысқа мерзімді оқуға жіберу. Оқыту екі бағдарлама бойынша ұйымдастырылуда – жұмысшы мамандықтар (барист, сатушы-кассир, қоғамдық тамақтанудың әмбебап қызметкері, тігінші, модельер-құрастырушы, дәнекерлеуші) және цифрлық дағдылар (таргетолог, мобилограф, сайттар жасаушы, SMM, цифрлық негізгі дағдылар, графикалық дизайн, маркетплейстер, бейнемонтаж). Бүгінгі күні 1 769 адам оқытылды.
Жоба іске асырылған уақыттан бері 8,5 мыңнан астам азаматқа қызмет көрсетілді. Жүгінгендердің басым бөлігі – тұрақты емес кірісі және шамадан тыс несиелері бар адамдар. Жалпы жоба аясында 1,2 мың қала тұрғыны жұмысқа орналастырылды, - деп айтты Премьер-министр.
Жоба басқа да өңірлерде биылдың 1 мамырынан бастап іске асырылады. Тиісті алгоритм әзірленіп жатыр.