26 Қараша 2026, 15:34 Фото: freepik.com

Жұмыссыз қалу, декрет және асыраушысынан айырылу: Әлеуметтік сақтандыру кімге көмектеседі?

Адамның тұрақты табысынан айырылуына түрлі жағдай себеп болуы мүмкін. Бірі жұмыссыз қалса, енді бірі денсаулығына байланысты еңбек ете алмайды. Осындай кезеңде азаматтарға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы қаржылай қолдау көрсетіледі. Қордан кімдер төлем ала алады, оның мөлшері қалай есептеледі және 2027 жылдан бастап қандай өзгеріс енгізіледі? BAQ.KZ тілшісі осы сұрақтарға шолу жасады.

Жұмыссыздық бойынша төлем мерзімі өзгереді

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем беру мерзіміне өзгеріс енгізіледі. Бұған дейін азаматтар Қордан алты айға дейін төлем ала алса, жаңа жылдан бастап ең ұзақ мерзім үш айды құрайды.

Алайда төлем мерзімі барлық азамат үшін бірдей емес. Ол адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қанша уақыт қатысқанына байланысты айқындалады.

Қаржылай қолдауға ие болудың негізгі шарттарының бірі – жұмыссыз ретінде тіркелу. Бұл ретте мансап орталықтары азаматтарға жұмысқа орналасуға жәрдемдесіп, лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады.

Ал төлем мөлшерін есептеу кезінде соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыс пен сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі ескеріледі. Азамат есепке алынатын орташа айлық табысының 45 пайызына дейін әлеуметтік төлем алуы мүмкін.

Жыл сайын 900 миллиард теңгеден астам қаражат төленеді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 7 миллион адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен қамтылған.

Жыл сайын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 1,3 миллионнан астам азамат қаржылай қолдау алады. Оларға төленетін қаражаттың жылдық көлемі 900 миллиард теңгеден асады.

Қордың қызметі жұмыссыз қалған азаматтарға төлем берумен ғана шектелмейді. Денсаулығына байланысты еңбек ету қабілетінен айырылған адамдарға да белгіленген мерзім ішінде ай сайын қаражат төленеді.

Отбасы асыраушысынан айырылған жағдайда балалар 18 жасқа толғанға дейін әлеуметтік төлем ала алады. Егер олар күндізгі бөлімде білім алса, төлем оқуын аяқтағанға дейін, бірақ 23 жастан асырмай беріледі.

Сондай-ақ жүйеге қатысушы әйелдерге жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлем қарастырылған. Ал бала күтіміне байланысты төлем сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын жүргізіледі.

96 миллиард теңге аударым, 400 миллиард теңгеден астам төлем

Әлеуметтік сақтандыру жүйесінің ерекшелігі – азаматқа берілетін төлем оның атынан жүргізілген аударымдардың жалпы сомасынан бірнеше есе көп болуы мүмкін.

Министрлік дерегінше, қазіргі уақытта еңбек ету қабілетінен немесе асыраушысынан айырылуына байланысты Қордан төлем алып жүрген 166 мың адам үшін 96 миллиард теңге көлемінде әлеуметтік аударым жасалған. Ал оларға осы уақытқа дейін төленген қаражат 400 миллиард теңгеден асқан.

Бұл әлеуметтік сақтандыру жүйесінің ортақ жауапкершілік қағидатына негізделетінін көрсетеді.

Әлеуметтік аударымды кім төлейді?

Жалдамалы қызметкерлер үшін әлеуметтік аударымдарды жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жүргізеді. Ал жеке кәсіпкерлер бұл міндеттемені өздері орындайды.

Сондықтан азаматтардың әлеуметтік аударымдарының тұрақты жүргізілуін бақылап отырғаны маңызды. Өйткені күтпеген жағдайға тап болған кезде Қордан төлем алу құқығы мен оның мөлшері осы аударымдарға тікелей байланысты.

Төлемді қайда және қалай рәсімдеуге болады?

Әлеуметтік төлемнің түріне қарай азаматтар eGov.kz порталы арқылы өтініш бере алады немесе халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады. Кейбір төлемдер ұялы телефонға жіберілген SMS-хабарлама арқылы проактивті түрде рәсімделеді.

Міндетті әлеуметтік сақтандырудың басты мақсаты – азамат табысынан айырылған кезде оның қаржылық тұрақтылығын сақтауға көмектесу. Сондықтан ресми жұмыс істеу және әлеуметтік аударымдардың уақтылы жүргізілуі болашақтағы әлеуметтік қорғаныстың маңызды шарттарының бірі саналады.