Жұмысшылары жиі наразылыққа шығатын салалар белгілі болды
Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте ЕХӘҚМ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл республика бойынша 15 кәсіпорында ереуіл болды. Жұмыс 3 сағаттан астам уақыт бойы тоқтатылған. Қазіргі күні мекемелер қалыпты жұмысын жалғастырып жатыр. Қызметкерлердің негізгі талаптары – жалақыны көтеру, «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес тәуелді ұйымдарының штатына ауыстыру, сыйлықақыларды төлеу, еңбек жағдайларын жақсарту, жалақыны индекстеу, қызметкерлерді босату тәуекелдері және т.б. жағдайлар, - дейді комитет басшысы.
Оның айтуына қарағанда, салалық бөліністе жанжалдардың негізгі үлесі мұнай-газ, тау-кен металлургиясы және коммуналдық кәсіпорындарда, сондай-ақ олардың тапсырыс алатын ұйымдарында болып тұрады.
Наразылықтың туындау себептерінің бірі – сервистік компаниялар келісімшарттарының қысқа мерзімге жасалуына байланысты, еңбек жағдайларын жақсартуға мүдделілігі. Осыған байланысты қызметкерлер ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауды талап етеді. Барлық ереуіл Еңбек кодексінде белгіленген қызметкерлердің талаптарын ұсыну рәсімдерін сақтамай, стихиялық тәртіппен өтті. Осыған байланысты 5 соттың шешімдерімен ереуілдер заңсыз деп танылды, - деп түсіндірді Төлеген Оспанқұлов.