Жұмысшылардың 30-40% ғана жұмыс істеп жатыр – кәсіпорын өкілі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 20 сәуірден бастап Алматыда бірқатар өндіріс орнының жұмысы іске қосылды. Сондай кәсіпорындардың бірі - "Конкрит Продактс" ЖШС.

Елімізде 28 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл мекеме құрылысқа және ғимараттарды қайта жөндеу үшін сапалы материалдар өндіреді. Оның қатарында тротуарға төселетін сапалы әрі әдемі тақтайлар, арыққа арналған плиталар мен кірпіш бар. Сонымен қатар, бордюрдың төрт түрін өндіреді, оның ішінде жол бордюрі, аулаға және арыққа арналған бордюрлер, қорған блоктары, іргетастың сыртын қаптайтын плиткалар да бар. 


Аталған кәсіпорынның сату бөлімінің басшысы Айдана Сарипованың айтуынша, елімізде коронавирусқа қарсы карантин жарияланғалы зауыттың өнім шығару қарқыны төмендеп кеткен.

Жылда осындай кезде толыққанды көлемде жұмыс істеп жататынбыз. Өйткені қыс мерзімі аяқталысымен көп жерде құрылыс жұмыстары жанданады.  Сәйкесінше, бұл кезде бізге түсетін тапсырыс та жоғары болады. Қазір Алматы жабық. Қала маңында үй салып, құрылыс жүргізетін мекемелер біздің өнімді ала алмай отыр, - дейді ол. 

Қазір кәсіпорынның екі цехының біреуі ғана жұмыс істеп тұр, тапсырыстың төмендігіне байланысты өндіріс те азайған. Дегенмен, үлкен компанияларға аяқ астынан өнім қажет болып, тапсырыс беріп жатса, екінші цехты да іске қосуға дайын. 

Клиенттеріміздің қатарында жеке адамдар да, ірі компаниялар да бар. Қазір негізінен қаладағы BAZIS-A, BI-Group сияқты ірі құрылыс компаниялары тапсырыс беруде. Олар да карантин режимінде жұмыс істеп жатыр. Оның үстіне бұған дейін тапсырыс беріп, келісімшарт жасасқан клиенттерге өнім дайындап жатырмыз, - дейді Айдана Сарипова.

Карантинге байланысты жұмысшылардың қатары да қысқарған. Негізінен қалада тұратындар істеп жатыр екен. Барлығы 250 жуық жұмысшы бар болса, соның 30-40%-ы ғана жұмыс істеп жатыр. Қаладағы жүріп-тұру порталына әр жұмысшының аты-жөнін көрсетіп рұқсат қағазды да алып берген. 

Жұмысшылардың барлығы карантин режиминде жұмыс істеп жатқандықтан мекеме санитариялық нормаларды қатаң сақтауда. 

Таңертең жұмысқа келгенде әр адам қақпа алдындағы дезинфекция буткасынан өтеді, одан кейін медбике әрбірінің дене қызуын тексеріп, қал жағдайын сұрап біледі. Бәрі дұрыс болса ғана жұмысқа жіберіледі. Міндетті түрде қорғаныс каскасын, бетперде және қолына қолғап киеді. Мұндай қорғаныс құралдары біздің қорда артығымен бар. Сонымен қатар, белгілі бір уақыт аралығында дезинфекция жасалып, әр жерге антисептиктер қойылды. Келген клиенттерде бетперде болмаса, міндетті түрде өзіміз береміз. Жұмысшылар, клиенттер кезекте тұратын болса 2 метр арақашықтықты қатаң сақтайды, - дейді Сарипова.

Карантин режиміне байланысты мекемеде жұмыс істеу уақыты да қысқарған. Бұрын жұмысшылар сағат 8.00-ден 17.00 дейін істесе, қазір жұмыс уақыты 09.00-ден 16.00 дейін қысқартылған. Түскі үзіліс - 1 сағат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы