Жұмысшылар LRT вагондарын қолмен итеруде: CTS ресми түсініктеме берді
Астанада адамдар вагондарды екі жағынан жылжытып, сүйреткен.
Әлеуметтік желілерде бірнеше адамның вагондарды екі жағынан жылжытып, сүйретіп бара жатқан видеосы тарады. CTS осыған қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
CTS компаниясы қазіргі кезде вагондарды рельске орнатқаннан кейін оларды бір-біріне қосудың техникалық кезеңі жүріп жатқанын және вагондардың әлі жұмыс режиміне қосылмағанын түсіндірді.
Жеңіл рельсті көлік желісінде іске қосу-реттеу жұмыстары аясында жылжымалы құрамды рельске орнатқаннан кейін оларды қосудың технологиялық кезеңі жүргізіледі. Осы кезеңде вагондардың орнын қолмен түзетуге рұқсат етіледі. Бұл тіркеме құрылғыларын дәл біріктіру және жылжымалы құрамның рельстегі орналасуын нақтылау үшін қажет. Осы кезеңде вагондар жұмыс қалпында емес және тартқыш жүйелерін пайдалану талап етілмейді. Қысқа қашықтыққа орын ауыстыру бақыланатын жағдайда қолмен жүзеге асырылады. Барлық жұмыстар қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып орындалады және рельсті көлікті пайдалануға беру кезіндегі штаттық тәжірибе болып табылады, - деп түсіндірді CTS компаниясының баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Астанада LRT тарифі бекітілетінін, бір реттік жол жүру құны қанша теңге болатынын хабарладық.