Жұмысшы мамандықтары жылы: Елімізде қандай шаралар ұйымдастырылады?
"Жұмысшы мамандықтары жылын" жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, Үкімет қаулысы бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті.
Үкімет жанынан "Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі" комиссия құрылды. Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялауға арналған жол картасы қабылданды.
Еліміздің барлық, яғни 20 өңірінде жұмысшы мамандықтар беделін және кадрлар даярлау сапасын арттыруға, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған жоспарлар бекітілді. Сондай-ақ, негізгі мемлекеттік органдар, яғни 13 министрлік жаңа кәсіпорындар құру, сапалы жұмыс орындарын ашу, жұмыскерлердің біліктілігін арттыру, кадрлар даярлауда колледждермен бірлескен жұмысты жолға қою бойынша кешенді шаралар көзделген "Жұмысшы мамандықтары жылын" өткізу жөніндегі салалық жоспарларын әзірледі, – дейді Ғани Бектайұлы.
Министрдің айтуынша, "Жұмысшы мамандықтары жылын"өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары 7 бағытты қамтитын 70 тармақтан тұрады.
Іс шаралар жоспарында:
1) Жаңа мамандықтар Атласын дайындау;
2) Кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын іске асыру;
3) Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау;
4) Кәсіби білікті кадрлар даярлау;
5) Сапалы жұмыс орындарын құру;
6) Жұмысшы кадрлардың құқықтарын қорғау;
7) Жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету бойынша шаралар қарастырылған.
Бұл шараларды іске асыруға барлық орталық және жергілікті атқарушы органдардың, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының, "Самұрық-Қазына" АҚ, басқада ұлттық компаниялардың және түрлі салакәсіподақ ұйымдарының қатысуы көзделген. Оқу-ағарту министрлігі жоспарды іске асыруды үйлестіруші және 20-тармақ бойынша негізгі орындаушы, – дейді Бейсембаев.
Айта кетейік, 2025 жылғы алғашқы отырыста Премьер-министр Олжас Бектенов үкіметтің басты міндетін атады.