Жұмысшы мамандықтар жылы: Астанада жаңа мамандықтар пайда болды

Астанада “Жұмысшы мамандықтар жылы: жетістіктер, даму, перспективалар” атты салтанатты іс-шара өтеді. Іс-шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығаруға арналған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Жұмысшы мамандықтар жылына арналған жоспардың іске асырылу қорытындыларын шығару, сондай-ақ Астана қаласының техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы негізгі нәтижелер мен бастамаларды көпшілікке таныстыру.

Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиевтің мәліметінше, елордада 2025 жылға жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 100-ден астам жүйелі іс-шара жоспарланып, олардың басым бөлігі толық орындалды.

Ең бастысы – жұмысшы мамандықтарда еңбек етіп жүрген азаматтардың беделін көтеру, – деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, жыл аясында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар іске асқан. Атап айтқанда, Сарайшық ауданында Жұмысшы мамандықтар аллеясы ашылып, жұмысшы мамандықтарда оқып жатқан студенттерге арналған 1000 орындық жатақхананың құрылысы басталған.

Жатақхананың құрылысы шамамен бір айдың ішінде аяқталады. Бұл кәсіптік білім беру саласында оқып жатқан студенттерге жайлы әрі қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жатақханада корпустар бар, студенттердің білім алуына, дамуына барлық жағдай жасалған, – деді басқарма басшысы.

Бүгінгі іс-шарада жұмыс берушілер, жұмысшы мамандықтарды даярлап жатқан колледж оқытушылары мен әлеуметтік серіктестерді марапаттау көзделген.

Сонымен қатар колледждер мен кәсіпорындар арасындағы дуалды оқыту, бірлескен кәсіпорындар ашу сияқты бастамалар таныстырылады.

Бұл – жұмысшы мамандықта еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін бағалау, олардың мәртебесін көтеру үшін жасалып отырған қадамдар, – деді ол.

Астана қаласындағы колледждер мен студенттер үшін бірқатар жүйелі өзгеріс енгізілген. Біріншіден, барлық жұмыс берушілер мен әлеуметтік серіктестердің қатысуымен оқу бағдарламалары қайта қаралған. Екіншіден, жұмысшы мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік тапсырыс көлемі артқан.

Бұған дейін 8–8,5 мың грант бөлінсе, биыл 10 мың грант бөлінді. Студенттер санының көбеюіне және жаңа колледждердің қосылуына байланысты бұл көрсеткіш алдағы уақытта да арта береді. Швейцариялық аккредитациялық компания келіп, төрт колледждің оқу бағдарламасын аттестациядан өткізді. Бұл колледждерде оқыған студенттер болашақта шетел университеттерінде білімін жалғастыра алады немесе халықаралық компанияларда жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады, – деді ол.

Жұмыспен қамту көрсеткіші де артқан.

Бұрын жұмыспен қамту деңгейі 70-90 пайыз аралығында болса, биыл ол 10 пайызға өсіп, 81 пайызды құрады, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ қалада жаңа сұранысқа ие мамандықтар ашылған. Атап айтқанда, гидротехник, хаусмастер және педагог-ассистент мамандықтары енгізілді.

Хаусмастер – электр, сантехник және әрлеу жұмыстарын біріктіретін маман. Қаладағы ОСИ мен КСК тарапынан бұл мамандыққа сұраныс жоғары. Себебі үш адамнан гөрі бір маманмен жұмыс істеу тиімді, – деді ол.

Гидротехник мамандарын даярлау Технологиялық колледж базасында басталған. Ал ландшафтық дизайн мамандығы қаладағы скверлер мен саябақтардың көбеюіне байланысты ашылған. Сонымен қатар инклюзивті білім беру аясында педагог-ассистент мамандарын даярлау қолға алынған.

Гидротехник мамандығына бір орынға екі студенттен келді, ландшафтық дизайнға бір орынға үш студенттен келеді. Жалпы 10 мың грантқа 16-17 мыңға жуық өтініш түсті, – деді Сенғазиев.

Оның айтуынша, ең жоғары сұраныс IT және медицина саласындағы мамандықтарға тиесілі.

Іс-шара барысында колледждер мен әлеуметтік серіктестердің Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы негізгі жетістіктері мен бастамалары таныстырылды. Сонымен қатар жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру бағытында жүргізілген бірлескен жұмыстың нәтижелері көрсетіліп, кәсіби қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген және кәсіптік білім беруді дамытуға елеулі үлес қосқан педагогтарды марапаттау рәсімі өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы