Жұмыспен қамтылған халықтың 41%-ы табысы төмен салаларда жұмыс істейді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов жұмыспен қамтылған халықтың 41%-ы табысы мен өнімділігі төмен салаларда жұмыс істейтінін айтты.
Халықтың нақты табысы экономикалық өсім мен еңбек өнімділігіне тікелей байланысты. Соңғы 10 жылда жалпы ішкі өнімнің өсімі 62%-ға жетуі қызмет көрсету саласы есебінен қамтамасыз етілді. Бұл салада еңбек өнімділігі тауар өндіруші салаларға қарағанда едәуір төмен, - деп айтты вице-министр.
2015 жылдан бері құрылған жұмыс орындарының 37%-ы еңбек өнімділігі төмен салаларда құрылды.
Өнімділігі жоғары салаларға жаңа жұмыс орындарының тек 8%-ы тиесілі. Нәтижесінде жұмыспен қамтылған халықтың
41%-ы табысы мен өнімділігі төмен салаларда жұмыс істейді. Осыған байланысты, негізгі міндет – тұрақты және өнімді жұмыс орындарын құру қарқынын арттыру, - дейді Ақмәди Сарбасов.
Айтуынша, бұл үшін жергілікті атқарушы органдар инвестициялық жобалардың тізбесі мен құрылатын жұмыс орындарының санын көрсете отырып, өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекітуі қажет.
Ал құрылатын жұмыс орындарының мониторингі салық пен зейнетақы жарналарының түсімі және электрондық еңбек шарттарын ақпараттық жүйеде бақылау арқылы қамтамасыз етіледі.