Жұмыспен қамту: 1 млн-ға жуық адам қолдау шараларымен қамтылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов халықты жұмыспен қамту шаралары туралы баяндап берді.
2020 жылмен салыстырғанда еңбек нарығы біртіндеп қалпына келіп жатыр. Оның негізгі көрсеткіштері оң қарқын көрсетіп келеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес биылғы жылдың екінші тоқсанында жұмысшы күшінің саны 9,3 млн адамды құрады. Оның ішінде жұмыспен қамтылғандардың саны 73 мыңға артты. Салалар бойынша жұмыспен қамтылғандардың қатарында қызмет көрсету саласының үлесі басым. Пандемия басталғалы жұмыс берушінің бастамасымен уақытша жұмыспен қамтылғандардың саны 12,3 есеге азайды, - деді Еңбекмині басшысы.
Министрдің сөзінше, жұмыссыздық деңгейі 4,9% көлемінде сақталды. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі былтырмен салыстырғанда төмендеп, 3,7%-ды құрады.
Биылғы жылы 1,2 млн адамды жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз ету жоспарланған болатын. Оның ішінде 700 мың адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, 42 мың адам Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында және 440 мың адам үшін мембағдарламалар аясында жаңа жұмыс орындарын құру қарастырылған болатын, - деп баяндады ол Үкіметте.
Шәпкенов қазіргі уақытта жоғарыда аталған үш бағыт бойынша 1 млн-ға жуық адам қолдау шараларымен қамтылғанын айтты..