Жұмыс тобы құмар ойындарға петиция бойынша шешім жобасын мақұлдады

Туризм және спорт министрлігінде мемлекеттік, әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлеріне құмар ойындарға қатысуға тыйым салу және бәс тігу туралы петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.

Айта кету керек, бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске қосылған онлайн-петициялар институты аясындағы алғашқы мақұлданған петиция.

Іс-шараға жұмыс тобының мүшелері, қоғам белсенділері, ойын бизнесі, лотерея қызметі саласындағы мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ петиция авторы және "Әділдік жолы" РҚБ басшысы Дидар Смағұлов қатысты.

Отырыс қатысушыларына петицияны толық қанағаттандыруға бағытталған және талқылау негізінде жасалған қорытынды жоба таныстырылды. Отырыс соңында шешім жобасын қатысушылардың басым бөлігі қолдап, мақұлдады.

Құмар ойындар – көптеген тағдырды, соның ішінде балалар мен жастарды құрдымға кетіріп отыр. Біз бұл мәселені шешуіміз керек. Мен петицияны және оған қатысты шешім жобасын толығымен қолдаймын, - деді Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау.

Белгілі болғандай, депутаттар бұл бастаманы қолдаған.

Мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындар ойнауына тыйым салуы мәселесі бұрыннан талқыланды. Басынан бастап мұндай норма пайда болады деп айтылды. Депутаттар бұл бастаманы қуана-қуана қолдады, - деді Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі Жәнібек Наушабайұлының айтуынша, бұйрық жуырда қабылданады.

Мемлекеттік, әскери қызметшілердің, құқық қорғау және арнаулы орган қызметкерлерінің құмар ойын ойнауына тыйым салудың және жолын кесудің сақталуын бақылау мақсатында мүдделі органдардың бірлескен бұйрығы әзірленіп, жақын арада қабылданады. Құмар ойындарға қатысу және бәс тігу фактісі расталған жағдайда, құқық бұзушылар теріс себептермен жұмыстан босатылғанға дейін жазаланады, - деді ол.

Отырыс YouTube бейне порталында онлайн режимде көрсетілді. Отырыс барысында мүдделі азаматтардан пікірлер келіп түсті. Пікір жазушылардың басым бөлігі петиция мен министрліктің шешім жобасына қолдау білдірді.

27 маусымда заңнамада белгіленген рәсімге сәйкес, министрліктің шешімі петиция авторына ресми жолданады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Туризм және спорт министрлігі
Өзгелердің жаңалығы