Бүгiн 2026, 13:43 Фото: Ақорда

Тоқаев Түркістан облысындағы инфрақұрылым жобаларын жеделдетуді тапсырды

Президент мәселені жеделдету керектігін айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, өңірдің өсім қарқынын жоғары бағалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент атап өткендей, көне шаһардың тарихи келбетін сақтау мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету – мемлекеттік деңгейдегі маңызды міндеттердің бірі.

Мемлекет басшысы Түркістан өңіріндегі экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасын атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы облыс экономикасы 14 пайызға өсіп, салық түсімі алғаш рет 1 триллион теңгеден асқан. Сондай-ақ аймаққа 1,7 триллион теңге көлемінде инвестиция тартылған.

Мемлекет басшысы инфрақұрылым және әлеуметтік саладағы жетістіктерге де тоқталды. Атап айтқанда, облыстағы елді мекендердің басым бөлігі таза ауыз сумен қамтылған, табиғи газбен қамту деңгейі 90 пайызға жуықтаған. Сонымен қатар 83 әлеуметтік нысан ашылып, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 16 мектеп салынған. Ауылдық жерлерде 35 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілген.

Дегенмен Президент кейбір аудандарда әлі де шешімін талап ететін мәселелер бар екенін айтып, жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Үкіметтің мәліметі бойынша облыстағы елді мекеннің басым көпшілігі таза ауыз сумен қамтылды. Бірақ кейбір ауданда әлі де түйткілдер бар екен, тиісті министрлік әкімдікпен бірге бұл мәселелерді тез арада шешуі қажет, – деді ол.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы өңірдегі энергетикалық және өндірістік жобаларға ерекше назар аударды.

70 жылдан бері жөндеу жұмыстары жасалмаған Кентау жылу энергия орталығын жаңғыртуға қомақты қаржы бөлінді. Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселе. Облыста салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын тездету керек. Жұмыс созылып кетті. Үкіметке және «Самұрық-Қазынаға» осы мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырамын, – деді Президент.

Президенттің айтуынша, өңірде жаңа өндіріс орындары ашылып, тұрғындарды жұмыспен қамту көрсеткіші артып келеді.

Жалпы, аймақта түрлі өндіріс кәсіпорындары ашылып, жүздеген адам біртіндеп жұмыспен қамтылып жатыр. Мұның бәрі де – ел ішінде болып жатқан нақты жұмыстың көрінісі. Мен әрдайым айтып жүремін: аймақтарымыз қуатты болса, мемлекет те мықты болады. Бұл біздің жетістіктеріміздің негізгі формуласы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан өңірлердің экономикасын нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту мемлекеттің басты назарында тұратын стратегиялық мақсат болып қала бермек, – деді Мемлекет басшысы.