Жұмыс орнында жарақат алсаңыз, қандай төлем алуға құқығыңыз бар? Еңбек инспекциясы түсіндірді
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің бөлім басшысы Ануар Төлеуғали өндірістегі жазатайым оқиғалардан қызметкерлерді міндетті сақтандырудың маңызы мен жұмыс берушілердің жауапкершілігі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, қызметкерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесі жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян салдарын өтеуге бағытталған.
Еңбекті қорғау және қызметкерлердің қауіпсіздігі мәселесі әрдайым ерекше маңызға ие. Себебі барлық талаптар сақталғанның өзінде өндірістік жарақат алу қаупі толық жойылмайды. Сондықтан бұл бағыттағы негізгі міндеттер – алдын алу, бақылау және сақтандыру, – деді Ануар Төлеуғали.
Оның айтуынша, Қазақстанда бұл тетік 2005 жылғы 7 ақпанда қабылданған «Қызметкерді еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» заңмен реттеледі.
Бөлім басшысы міндетті сақтандырудың басты мақсаты – еңбек міндетін атқару кезінде өмірі мен денсаулығына зиян келген қызметкердің мүліктік мүддесін қорғау екенін атап өтті.
Заңнамада көзделген сақтандыру төлемдері арқылы қызметкердің құқықтары қорғалады. Алайда міндетті сақтандыру жұмыс берушіні қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету міндетінен босатпайды. Сақтандыру шартының болуы өндірістегі қауіпсіздік пен еңбекті қорғау талаптарын сақтау жауапкершілігін жоймайды, – деді ол.
Ануар Төлеуғалидің айтуынша, заң бойынша сақтандыру жазатайым оқиға салдарынан кәсіби еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан немесе қаза болған қызметкерлерге қатысты қолданылады.
Осыған байланысты жұмыс берушінің негізгі міндеттерінің бірі – қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасу.
Жұмыс беруші лицензиясы бар сақтандыру ұйымын өзі таңдайды және сақтандыру жарнасын уақытылы төлеуге міндетті. Заңнамада сақтандыру шартын жасасудың нақты мерзімі белгіленген. Кәсіпорын қызметін бастаған айдан кейінгі келесі айдың алғашқы онкүндігінде міндетті сақтандыру рәсімделуі тиіс, – деді бөлім басшысы.
Ол сондай-ақ жұмыс беруші өндірістік жарақаттардың алдын алуға бағытталған бірқатар шараларды орындауы қажет екенін айтты.
Атап айтқанда, жұмыс беруші жазатайым оқиғаның мән-жайын тергеп-тексеруді қамтамасыз етуге, оқиға туралы сақтандыру ұйымын дереу хабардар етуге, қызметкерлерді міндетті медициналық тексеруден өткізуге, қауіпсіз еңбек тәсілдеріне оқытуға және өндірістегі қауіпсіздік талаптарын сақтауға міндетті.
Сонымен бірге уәкілетті мемлекеттік органдардың өндірістік жарақаттардың алдын алу және оларды тергеу жөніндегі шешімдерін орындауы, жазатайым оқиғаның салдарын азайту шараларын қабылдауы және сақтандыру төлемдерін рәсімдеу үшін қажетті құжаттарды ұсынуы қажет.
Жұмыс беруші жазатайым оқиға туралы білген сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей сақтандырушыға хабарлауға міндетті. Бұл талаптың сақталуы қызметкердің құқықтарын қорғау үшін өте маңызды, – деді Ануар Төлеуғали.
Оның айтуынша, өндірісте жарақат алған қызметкер қиындықпен жалғыз қалмауы тиіс. Заңда мұндай азаматтар үшін бірқатар кепілдіктер қарастырылған.
Қызметкер заңда белгіленген тәртіппен сақтандыру төлемін алуға, жұмыс беруші мен сақтандыру ұйымынан міндетті сақтандыру жөнінде ақпаратты тегін алуға, сақтандыру жағдайын тергеуге өзі немесе өкілі арқылы қатысуға құқылы. Сондай-ақ тергеу қорытындысымен келіспеген жағдайда шағымдана алады, медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері бойынша уәкілетті органға жүгіне алады және өз құқықтарын қорғау үшін сақтандыру ұйымына, мемлекеттік органдарға немесе сотқа жүгінуге құқылы, – деп түсіндірді ол.
Бөлім басшысы өндірісте жарақат алу фактісі автоматты түрде сақтандыру төлемін алуға негіз бола бермейтінін де ескертті.
Оның сөзінше, алдымен оқиғаның мән-жайы, оның еңбек қызметімен байланысы және өзге де құқықтық маңызы бар жағдайлар анықталуы қажет.
Сондықтан жазатайым оқиғаны дұрыс, объективті және уақытылы тергеудің маңызы зор. Дәл осы процесс қызметкерге төлем тағайындау мәселесін шешуде шешуші рөл атқарады. Ал оқиғаны жасыру, кеш хабарлау немесе мән-жайды бұрмалау зардап шеккен қызметкердің құқықтарының бұзылуына және заңда көзделген төлемдерді уақытылы алуына кедергі келтіруі мүмкін, – деді Ануар Төлеуғали.
Ол жұмыс берушілер міндетті сақтандыруды тек сақтандыру полисін рәсімдеуге қатысты формалды талап ретінде қарастырмауы керек екенін айтты.
Бұл – қызметкерлерді қорғау жүйесінің маңызды бөлігі. Сондықтан жұмыс беруші міндетті сақтандыру шартының қолданыста болуын, сақтандыру жарнасының уақытылы төленуін қамтамасыз етуі тиіс. Өйткені сақтандыру шарты жарна төленген сәттен бастап күшіне енеді, – деді ол.
Сондай-ақ жұмыс берушілер сақтандыру ұйымын дер кезінде хабардар етуге, әрбір жазатайым оқиғаны объективті тергеуге, қызметкерлерге қажетті ақпарат беруге, қауіпсіз еңбек әдістеріне оқытуға, медициналық тексерулер өткізуге және өндірістік жарақаттардың алдын алу шараларын жүзеге асыруға міндетті екені айтылды.
Ануар Төлеуғалидің пікірінше, сақтандыру жүйесі өндірістік жарақаттардың алдын алуды алмастырмайды.
Сақтандыру – жазатайым оқиға салдарын өтеуге арналған тетік. Ол өндірістегі қауіпсіздік шараларының орнына жүрмейді. Сондықтан бұл екі ұғымды шатастырмау қажет, – деді ол.
Сөз соңында бөлім басшысы қызметкерлерді міндетті сақтандыру жұмыс берушіге жүктелген заң талабы ғана емес, еңбек ететін азаматтарды әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қорғаудың маңызды құралы екенін атап өтті.
Әрбір қызметкер жұмысын бастаған кезде денсаулығына зиян келсе, кәсіби еңбекке қабілеттілігінен айырылса немесе қайтыс болған жағдайда оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын нақты тетік бар екеніне сенімді болуы керек. Бірақ сақтандыру шарты жұмыс берушіні қауіпсіз еңбек жағдайын жасау міндетінен босатпайды. Сақтандырудың негізгі мақсаты – орын алған оқиғаның қаржылық салдарын азайту, – деп түйіндеді Ануар Төлеуғали.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында мектептің екі қызметкері спорт залындағы қабырғаны сырлау кезінде биіктен құлап, ауыр жарақат алған еді.