Жұмыс күші тапшылығын шешу үшін көші-қон процестері цифрландырылады
Пилоттық жоба «migration.enbek.kz» платформасында іске қосылды.
Астанада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Алқа отырысы өтті. Күн тәртібінде көші-қон процестерін реттеу, сұранысқа ие жоғары білікті мамандарды тарту, қызметтерді цифрландыру және жұмыс күші тапшы өңірлерге ішкі көші-қонды ынталандыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министр Асқарбек Ертаев сыртқы көші-қонда тек шығу тегіне емес, кәсіби әлеуетке басымдық берілетінін хабарлады. 2030 жылға қарай келетін азаматтар арасындағы білікті кадрлардың үлесі 95%-ға жетуі жоспарлануда.
Пилоттық жоба «migration.enbek.kz» платформасында іске қосылды: тұрақты тұруға рұқсат беру және «қандас» мәртебесін беру қызметтері иммигранттың әлеуетін кешенді бағалау негізінде жүргізіледі. Сонымен қатар, «Көші-қон полициясы» АЖ арқылы шетелдік азаматтарды есепке алудың біртұтас цифрлық жүйесі құрылады.
Ішкі көші-қон бойынша да жұмыстар күшейтілуде: жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуды ынталандыруға арналған Жол картасы іске қосылды. 2025 жылғы қорытынды бойынша ішкі мигранттардың 14,7%-ы өңірлер аралық қоныс аударуға қатысты.
Алқа қатысушылары басқарылатын және ашық көші-қон жүйесін құру өңірлік еңбек нарықтарын теңестіруге және заңсыз еңбек көші-қоны тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.