Жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныс аудару бағдарламасы қайта қаралады – министр
Қоныс аудару бағдарламасын қайта қарау жоспарлануда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр Тамара Дүйсенова осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жұмыспен қамту ауқымын кеңейтудің тағы бір шарасы – азаматтарды жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныстандыру бағдарламасы. Бүгінге дейін бұл бағыттағы жоспарлы көрсеткіш 71%-ға орындалды. Дегенмен, қыста күн суыған кезде оңтүстік өңірлерден келетін көш тоқырайды. Сол себепті, квоталар толық игерілмей қалуы мүмкін. Қазір Павлодар облысында 1 мыңнан астам квота игерілген жоқ. Ал, Солтүстік Қазақстан облысына 500 адам, Қостанайға 362 адам жоспардағыдан аз келді, – деді ол Үкімет отырысында.
Еңбек министрінің айтуынша, көшіп келген отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелерін жұмысқа орналастыру ойдағыдай іске асып жатқан жоқ.
Үш өңірде, атап айтсақ, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында жұмысқа орналасу үлесі – 58,5%-дан 67%-ға дейін. Тіпті, жұмысқа орналасқанның өзінде олардың 54,4%-ы ғана зейнетақы аударымын жасап отыр.
Қазір қоныс аудару бағдарламасын қайта қарау жоспарлануда. Алдағы уақытта азаматтар бос жұмыс орны бар өңірлерге ғана көшетін болады. Сондықтан, азаматтарымыз көшіп баратын өңір әкімдеріне осы көші-қонды қосымша ынталандырудың және келген азаматтарды жұмысқа орналастырудың өңірлік жол картасын әзірлеуді тапсыруыңызды сұраймын, – деді Тамара Дүйсенова.