Жұмыс іздеуші көп, бос орын аз: Қазақстандағы еңбек нарығының 2025 жылғы қорытындысы
2025 жылы Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы порталында 1 млн 328 мың вакансия және 1 млн 453,8 мың резюме орналастырылған. Осылайша, жұмыс іздеушілер тарапынан ұсыныс жұмыс берушілер ұсынған сұраныстан 125,8 мыңға артық болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Барлық вакансиялардың жартысы – 665,5 мыңы – жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Ал дәл осы бағытта орналастырылған резюмелердің үлесі 48% немесе 697,2 мыңды құрады.
Өңірлер бөлінісінде вакансияларды ең көп орналастырған жұмыс берушілер Астана қаласы (118,2 мың), Түркістан облысы (96,7 мың) және Алматы қаласы (92 мың вакансия) болды.
Ай сайынғы динамика жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер тарапынан да маусымдық белсенділіктің айқын байқалатынын көрсетеді.
Жалпы вакансиялардың 75%-ы немесе 999 мыңы білікті еңбекке тиесілі. Жыл бойы ең жоғары сұранысқа ие мамандықтар қатарында медбикелер мен мейіргерлер (21,7 мың вакансия, жалақысы 143-178 мың теңге), тәрбиешілер (21,2 мың, 139-182 мың теңге), автокөлік жүргізушілері (20 мың, 151-195 мың теңге) және санитарлар (19,6 мың, 110-133 мың теңге) болды, - делінген хабарламада.
Жұмыс іздеушілер арасында резюме ең көп жарияланған мамандықтар – бухгалтер (25,1 мың резюме, күтілетін орташа жалақысы 308 мың теңге), жүргізуші (23,6 мың, 250 мың теңге), тәрбиеші (22,1 мың, 199 мың теңге) және заңгер (19,1 мың, 294 мың теңге).
Ал 2025 жылы жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақы теңіз флотындағы штурман қызметіне – айына 875-900 мың теңге, тау-кен өнеркәсібіндегі учаске бастығының орынбасарына – 714 мың теңгеден жоғары, сондай-ақ бұрғылау машинистеріне – 700 мың теңгеден жоғары болды. Жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақыны өз резюмесінде ұшқыштар (орта есеппен 1,9 млн теңге), өндіруші саладағы қызмет басшысының орынбасарлары (1,2 млн теңге) және кеме капитандары (1,1 млн теңге) көрсеткен, - деп хабарлады Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, сұраныстың салалық құрылымы әлеуметтік бағыттағы секторларда жоғары шоғырланған. Ең ірі сала – білім беру, мұнда 380,6 мың вакансия жарияланған, бұл барлық бос орындардың 28,7%-ын құрайды. Одан кейін өзге қызмет түрлері (175,4 мың, 13,2%) мен денсаулық сақтау саласы (117,4 мың, 8,8%) орналасқан.
Алғашқы ондыққа сондай-ақ ауыл шаруашылығы, өңдеуші өнеркәсіп, мемлекеттік басқару, құрылыс, ақпарат және байланыс, сауда және көлік салалары енді. Үш ірі сала жалпы вакансиялардың шамамен жартысын құраған.
Резюмелердің әлеуметтік-демографиялық бейіні әйелдердің сәл басым екенін (55%) және жұмыс іздеушілердің негізгі бөлігі орта жастағылар екенін көрсетеді. Ең ірі жас тобы – 35-44 жас (26,4%), одан кейін 45-54 жас (18,5%) және 16-24 жас (17,5%). 29-34 жас тобының үлесі – 16,5%.
55-64 жас аралығындағы жұмыс іздеушілер 10,9%-ды, ал 25-28 жас тобы 9,8%-ды құрайды. 16 жасқа дейінгі және 65 жастан асқан азаматтардың үлесі ең төмен. Сонымен қатар, 16-24 жас аралығындағы жастар арасында әйелдердің үлесі жоғары (шамамен 59,8%), ал 55-64 жас тобында әйелдер үлесі төменірек (шамамен 45,9%).