Жұмыс істейтін зейнеткерлер зейнетақыдан қағыла ма? - министр түсіндірді
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова зейнеткерлерге қатысты айтқан мәлімдемесін жоққа шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін БАҚ беттерінде "жұмыс істейтін зейнет жасындағы адамдар зейнетақыдан қағылуы мүмкін" деген ақпарат тараған еді.
Сарапшылардың айтқан бұл ұсынысы қазіргі зейнетақысын алып отырған азаматтарға ешқандай қатысы жоқ. Бұған дейін қалай зейнетақысын алып, жұмысын істеді, солай әрі қарай да жүре береді. Үкіметпен келісілген ешқандай заң жобасы жоқ. БАҚ өкілдері "зейнетақы жүйесінде реформа бола ма" деп сұрақ қойған кезде сіздерге алдағы 2 жылда реформалар қарастырылмағанын айттым, - деді Жақыпова.
Жақыпова арнайы сарапшылардың болжамы арқылы еңбек нарығын зерттеп отырғанын айтты.
Биылдың өзінде еңбек нарығында жұмыссыз жүрген 300 мың жас бар. Оларды жұмыспен қамту керек. Сондықтан сарапшылар ұсыныстар (еск - зейнеткерлерге қатысты) беріп отыр, - деді Еңбек министрі.
Сондай-ақ министр ақпаратты дұрыс жеткізбеген журналистерді айыптады.
Журналистер тек бір сөзді жұлып алып, "хайп" жасады. Кейін қоғамды дүрліктірді. Өтінемін, ақпаратты дұрыс жеткізіңіздерші, - деді Светлана Қабыкенқызы.