Жұмыс, грант, жеңілдетілген несие: Жас мамандарға қандай мемлекеттік қолдау бар?
Еңбек нарығында сұраныс үнемі өзгеріп отырады.
Қазақстанда жоғары оқу орнын немесе колледжді тәмамдаған жастар үшін еңбек жолын бастау оңай емес. Тәжірибенің жоқтығы, жұмыс берушілердің талаптары және мамандық бойынша бос орындардың жеткіліксіздігі жас мамандардың еңбек нарығына бейімделуін қиындатады. Дегенмен соңғы жылдары мемлекет жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалардың аясын кеңейтіп келеді. BAQ.KZ тілшісі 2026 жылы жас мамандарға ұсынылатын мемлекеттік қолдау шараларына шолу жасады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың І тоқсанында Қазақстанда 9,39 миллион адам жұмыспен қамтылған. Жұмыссыздар саны 446 мың адамды құраса, жалпы жұмыссыздық деңгейі – 4,5%, ал 15-34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3%-ды құрады.
Жастар тәжірибесі: дипломнан кейінгі алғашқы қадам
Жас мамандар арасында ең танымал бағдарламалардың бірі – «Жастар тәжірибесі».
Бұл жоба жоғары немесе техникалық және кәсіптік білім алған, бірақ еңбек өтілі жоқ азаматтардың алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауына мүмкіндік береді. Бағдарламаға қатысушыларды мансап орталықтары жұмыс берушілерге жолдайды, ал олардың еңбекақысы белгіленген мерзімде мемлекет тарапынан субсидияланады.
Бұл тетік жұмыс берушілер үшін де тиімді. Себебі тәжірибесі жоқ жас маманды қабылдаудағы қаржылық тәуекел азаяды, ал қатысушы нақты еңбек дағдысын қалыптастырады.
«Алғашқы жұмыс орны» – тұрақты жұмысқа бастар жол
Жоғары оқу орнын немесе колледжді жаңа аяқтаған жастарға арналған тағы бір мүмкіндік – «Алғашқы жұмыс орны» жобасы.
Бағдарлама еңбек өтілі жоқ жастарды тұрақты жұмысқа бейімдеуге бағытталған. Мемлекет белгілі бір кезеңде жұмыс берушінің шығындарының бір бөлігін өтейді. Соның нәтижесінде жұмыс берушілер тәжірибесі жоқ түлектерді жұмысқа қабылдауға ынталы болады.
Көп жағдайда бағдарлама аяқталғаннан кейін қатысушылар сол ұйымда тұрақты қызметке орналасады.
Қандай көрсеткіштерге қол жеткізілді?
Мемлекет жұмыспен қамту шараларын күшейтіп келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 101,3 мың адам қамтылып, 140,8 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылған.
Жылдың алғашқы айларында 20,3 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылып, оның ішінде 894 жас маман жастар тәжірибесіне жіберілді. Ал 16,5 мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылып, 1,6 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты, - дейді министрлік хабарламасында.
Бұл бағдарламалар еңбек өтілі жоқ азаматтардың алғашқы табысын тауып, жұмыс тәжірибесін қалыптастыруына мүмкіндік береді.
Жаңа мамандықты тегін меңгеруге болады
Еңбек нарығында сұраныс үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан мемлекет қайта даярлау мен біліктілікті арттыруға да ерекше көңіл бөліп келеді.
Жұмыссыз азаматтар мен жас мамандар Enbek.kz платформасы арқылы сұранысқа ие мамандықтар бойынша онлайн курстардан тегін өте алады. Оқуды аяқтағандарға сертификат беріледі.
2026 жылдың басынан бері еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша 13,2 мың жұмыссыз азамат онлайн оқытумен қамтылып, олардың 9,8 мыңы оқуын аяқтап, сертификат алған, - дейді министрлік.
Кәсіп ашқысы келетін жастарға грант беріледі
Жұмыс іздеумен қатар, мемлекет жастардың кәсіпкер болуына да жағдай жасап отыр.
Ол үшін алдымен «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінен оқудан өту қажет. Оқуды аяқтағаннан кейін қатысушы бизнес-жоспарын қорғап, мемлекеттік грантқа үміткер бола алады.
2026 жылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 400 АЕК көлемінде, яғни 1 миллион 730 мың теңгеге дейінгі 9 мың қайтарымсыз грант беру жоспарланған.
Сонымен қатар жыл басынан бері 6,9 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, олардың 2,7 мыңы оқуын аяқтап, сертификат алған.
Жеңілдетілген несие де қарастырылған
Қайтарымсыз гранттан бөлек, жас кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несиелерге де жүгіне алады.
Мұндай қаржыландыру өндіріс, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда жеке кәсіп бастауға мүмкіндік береді. Бағдарламаларға қарай пайыздық мөлшерлеме, несие мерзімі мен талаптары өзгереді.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы
Ауылдық жерге барып еңбек етуге дайын жастар үшін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жұмыс істейді.
Бағдарлама білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау, агроөнеркәсіптік кешен және мемлекеттік басқару салаларының мамандарына арналған.
Қатысушыларға біржолғы көтерме жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алуға немесе салуға жеңілдетілген бюджеттік несие алу мүмкіндігі қарастырылған.
Мемлекеттік бағдарламаларға қалай қатысуға болады?
Жас мамандар мемлекеттік қолдау шараларына қатысу үшін:
- Enbek.kz порталында тіркеле алады;
- тұрғылықты жеріндегі мансап орталығына жүгіне алады;
- eGov порталы арқылы қызметтерді пайдалана алады.
Мансап орталығы мамандары бос жұмыс орындарын ұсынып қана қоймай, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға және қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі.
Бүгінде жас мамандарға арналған мемлекеттік қолдау бұрынғыдан әлдеқайда кеңейді. Егер бұрын негізгі мақсат тек жұмыс табуға көмектесу болса, қазір мемлекет еңбек нарығына бейімделудің толық тізбегін ұсынады: алғашқы жұмыс тәжірибесі, қайта даярлау, кәсіпкерлікке оқыту, қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие және ауылға барған мамандарға арналған тұрғын үй қолдауы.
Еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілік енді тек дипломмен өлшенбейді. Жаңа дағдыны меңгеру, тәжірибе жинау және мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін тиімді пайдалану – еңбек жолын сәтті бастауға әсер ететін негізгі факторлардың біріне айналып отыр.