18 Тамыз 2026, 12:07 Фото: «Әділет» партиясы

Жұмыс, білім, медицина: «Әділет» кандидаттары Қостанай халқына қандай ұсыныс айтты?

Штаб өкілдері «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, кездесу қатысушыларының сұрақтарына жауап берді.

«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Қостанай облысының жұртшылығымен кездесу өткізді. Диалогқа білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ауыл шаруашылығы салаларының өкілдері, жастар, ҮЕҰ мен азаматтық секторды қосқанда жалпы мыңға жуық адам қатысты.

Штаб өкілдері «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, кездесу қатысушыларының сұрақтарына жауап берді.

Кандидаттар партия бағдарламасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бағытына және азаматтардың құқықтары мен мүдделері, әділеттілік, заң үстемдігі, өңірлерді дамыту және өмір сүру сапасын арттыру қағидаттары негізге алынған жаңа Конституцияның ережелеріне сәйкес келетінін атап өтті. Партия бұл қағидаттар жергілікті жерлердегі нақты шешімдер арқылы іс жүзінде жалғасын табуы керек деп есептейді.

Құрылтай депутаттығына кандидат Екатерина Смышляева бағдарламаның өңірлік блогы жергілікті жерлерге көбірек өкілеттік пен қаржылық ресурстар беріп, өңірлердің өз даму басымдықтарын дербес айқындауына мүмкіндік жасауды көздейтінін жеткізді. Өзге ұсыныстардың қатарында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарды дамыту және жаңа тұрғын аудандарды мектептермен, балабақшалармен, емханалармен және қоғамдық кеңістіктермен қатар кешенді түрде салу бар.

Смышляеваның айтуынша, мұндай тәсіл Мемлекет басшысының өңірлерді нығайту және аумақтар арасындағы теңгерімді сақтау бағытына сай. Партия өңірлердің даму басымдықтарын өз бетінше айқындап, нәтижесіне жауап беру үшін көбірек мүмкіндігі болуы керек деп санайды.

Асхат Аймағамбетов Қостанай облысының ерекшелігіне назар аударды. Мұнда мектептердің 64%-ы шағын жинақты мектептер.

Біздің мақсатымыз – қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқарту. Қостанай облысы үшін бұл мәселе аса өзекті. Партияның сайлауалды бағдарламасында еліміздің барлық аудандары мен моноқалаларын қамтитын және 700-ден астам шағын жинақты мектепке әдістемелік қолдау көрсететін Ауылдық тірек мектептердің ұлттық желісін құру көзделген. Сондай-ақ білікті педагогтерді ауылдық және шалғай өңірлерге тартуға арналған арнайы бағдарламаларды ұсынамыз, - деді Асхат Аймағамбетов.

Партия төрағасының орынбасары Қаныш Тілеушин цифрландыру саласындағы ұсыныстарға тоқталды. Атап айтқанда, партия 3 мыңнан астам елді мекенді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуді, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы анықтамалар санын және азаматтардың түрлі мемлекеттік органдарға жүгіну қажеттілігін азайтуды мақсат етіп отыр.

Партия бағдарламасында 5 млн қазақстандықты цифрлық дағдыларға үйрету және жасанды интеллект пен креативті индустриялар саласында 100 мың бейінді маман даярлау міндеті қойылған. Сонымен қатар біз дербес деректерді қорғауға және киберқауіпсіздікке ерекше мән береміз, - деді Қаныш Тілеушин.

Партия өкілдерінің пікірінше, жаңа технологияларды дамыту цифрлық ортадағы адам құқықтарын қорғаумен қатар жүруі тиіс. Екатерина Смышляева партия адамның жасанды интеллектпен ашық әрі түсінікті өзара іс-қимылы, дербес деректерді қорғау және құпиялық қағидаттарын бекітуді ұсынатынын айтты.

Білім беру саласында академиялық адалдыққа және ерте жастан цифрлық сауаттылықты қалыптастыруға ерекше назар аудару ұсынылады.

Құрылтай депутаттығына кандидат Марат Башимов «Заң және тәртіп» блогына, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік институттардың жауапкершілігі мәселелеріне тоқталды.

Әділеттілік – бұл заң үстемдігі, адал еңбекке құрмет, бизнес үшін тұрақты әрі түсінікті ережелер, өңірлер мен мегаполис тұрғындары үшін тең мүмкіндіктер. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты – біздің ұстанымымыздың негізі, - деді ол.

Партия өкілдерінің пікірінше, дәл осы бағыттар – азаматтардың құқықтарын қорғау, заң үстемдігі, өңірлерді дамыту, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі және адам мүмкіндіктерін кеңейту – «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасының ережелерін Мемлекет басшысының бағытымен және жаңа Конституцияның қағидаттарымен байланыстырады.

Кездесуді қорытындылаған Құрылтай депутаттығына кандидат Андрей Лаврентьев Қостанай облысының өнеркәсіптік және аграрлық әлеуеті зор екенін жеткізді. Ол өңірдің одан әрі дамуы өндірісті терең өңдеумен, жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарын құрумен, сондай-ақ адами капиталды дамытумен байланысты болуы тиіс дейді.

Қостанай облысы – республикалық сайлауалды штабтың сапарлар кестесіндегі соңғы өңірлердің бірі. Бұған дейін партия кандидаттары елдің 18 өңірінде болды. Басқосулар барысында жиналған ұсыныстар мен өтініштер жүйеленіп, партияның алдағы жұмысында ескеріледі.